![]()
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жұртшылықты бірлік пен келісім мерекесімен құттықтады.
– Бұл мереке – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың жарқын көрінісі. Бірлік – біздің басты байлығымыз, болашағымыздың кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әр азаматтың бір-біріне тілеулeстігі арқылы бүкіл ұлттың тұтастығын таныта білдік. Қазақстан халқы тарихтың күрделі кезеңінде жұрт болып жұмылып, табысқа жете алатынын тағы да дәлелдеді» деген болатын. Қиын замандарда Қазақ елі түрлі этностарға пана болып, тағдыр тәлкегімен келген жұртты бауырына басты. Соның нәтижесінде мемлекетімізде бірлігі жарасқан қоғам қалыптасты. Сондықтан еліміз үшін бұл мерекенің мәні зор. Түркістан облысында 2 миллион 200 мыңға жуық халық тұрады. Берекелі өңірімізде 50-ден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Өңірімізде Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 6 құрылым мен 11 этномәдени бірлестік белсенді қызмет атқаруда. Біздің бірлігіміз бен берекелі тірлігіміз Түркістан өңірін дамытуға бастайды. Осы ретте, таяуда Түркістанда Түркі мемлекеттері президенттерінің маңызды жиыны өтетінін мақтанышпен айта кеткен жөн. Мұндай ауқымды жиындар облысты дамытып, Түркістанды танытуға серпін беретіні сөзсіз. Осы айтулы күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Елімізде әрдайым тыныштық пен бейбітшілік салтанат құра берсін! – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтауын назарларыңызға ұсына кетсек.
“Құрметті отандастар!
Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – қоғамымыздың мызғымас құндылықтарын паш ететін қастерлі мейрам. Бірлік күні халқымыздың тілектестігі мен ауызбіршілігі, өзара сыйластығы мен құрметі, отаншылдығы мен перзенттік сүйіспеншілігі кеңінен дәріптеледі.
Кезінде тағдырдың жазуымен елімізде тұрақтаған түрлі этнос өкілдері Қазақстан атты киелі Шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – бәрімізге ортақ игілік.
Дана халқымыз «Татулық – таусылмас бақыт» деп бекер айтпаған. Біз – бейбіт заманның қадірін білетін, айналасына жанашырлықпен қарайтын, әрдайым көмек қолын созуға дайын тұратын елміз. Бұл – біртұтас ұлтымыздың болмысына тән қасиет. Біз осы бірегей дәстүрді көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керек.
Біздің көзқарасымыз әртүрлі болғанымен, тілегіміз – бір. «Бірлігіміз – әралуандықта» формуласы мемлекеттік саясат пен азаматтарымыздың күнделікті өмірінің өзегіне айналды.
Сондықтан біз бірлік, ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарын жаңа Конституцияның преамбуласында нақты көрсеттік.
Бұл – Қазақстан халқының саналы түрде жасаған таңдауы. Себебі азаматтарымыз баршаға бірдей құқықтар мен мүмкіндіктер беретін елде, әділ, тұрақты және бақуатты қоғамда тұруды қалайды.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы еліміздегі ауқымды жаңғыру үдерісінің арқауы ретінде осы биік мақсатқа жетуімізге кепіл болмақ.
Біздің тарихымыз, бүгініміз және болашағымыз – бір. Бұл –Қазақстан халқының сарқылмас күш-қуаты мен отаншылдық рухының айқын көрінісі. Біз бәріміз бір ел болып жұмылып, өсіп-өркендеу жолында биік белестерді бағындыра беретінімізге кәміл сенемін.
Қымбатты отандастар, баршаңызға зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін!”, — деді Президент.
Ал өңірдегі мереке барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, ұзақ жылдар бойы адал әрі жемісті еңбек етіп жүрген этномәдени бірлестік өкілдері марапатталды.
Іс-шара аясында жергілікті өнерпаздар қатысуымен концерт ұйымдастырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сахна төрінде «Жаңа леп» өнер ұжымы, «Фараб» би ансамблі, «Семсер» тобы, Гүлнұр Нұратаева, Мадина Бекболат, Құралай Қасымова, «Ай-дана» дуэті, Айдар Досымжан, Әсима Тілектес және «Арнау» тобы өнер көрсетті. Ән мен жырға толы кеш барысында халқымыздың бірлігі, достығы мен мәдени ынтымақтастығы кеңінен дәріптелді.
Айта кетсек, өңірде «Заң мен тәртіп», «Бейбітшілік пен келісім», «Адал азамат», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» жобалары аясында тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Ассамблея мүшелері «Таза Қазақстан» бағдарламасына, өзге де акцияларға белсенді қатысуда. Құрылым аясында этномәдени бірлестіктер, Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, медиация институты, ғылыми-сараптамалық топ және жастар ұйымдары жемісті еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда облыста экономикалық, инвестициялық, туристік әлеуеті көтерілуде. Бұл жетістіктер тұтас халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасы деп білген жөн.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
