
Бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев аудан көлемінде ауызсу сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жұмыс сапары бірнеше елді мекенді қамтып, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған нысандардың жағдайы зерделенді.
Алдымен аудан басшысы Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында болды. Мұнда 15 тонналық су сақтау багы орнатылып, айналасы толық қоршалған. Сонымен қатар ұзындығы 1 шақырым 200 метр болатын 110 мм құбыр жүргізіліп, 15 құдық (колодец) қойылған. Су жүйесіне есептегіш құралдары мен өзге де қажетті құрылғылар жаңадан орнатылған.
Ауызсу сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар Балықты ауылдық округіне қарасты Көкбұлақ ауылында да қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі арнайы барып, жаңадан орнатылған су алу нысанын (водозабор) көріп шықты. Нысан аумағы қоршалып, су сақтау багтары күрделі жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру жүйесі іске қосылған. Жаңа шағын үй салынып, аумағы толық қоршауға алынған.
Осындай жүйелі жұмыстар Машат ауылдық округінің Қызылбастау ауылында да жүзеге асырылуда. Елді мекенде жаңа скважина қазылып, 205 метр аумақ қоршалған. Су мұнарасын орнату жұмыстары жүргізіліп, 110 мм құбыр арқылы 7 шақырым аумаққа абоненттік желі тартылған. Құдықтар қойылып, су өлшеуіш құрылғылар орнатылған.
Машат ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылында да ауызсу сапасын жақсарту жұмыстары қолға алынған. Мұнда су мұнарасы орнатылып, құдықтар қойылған. Сонымен бірге су сорғысы (насос) орнатылып, 800 метр құбыр тартылған. Жұмыс істеп тұрған қабырға қосу жұмыстары жүргізіліп, нысан аумағы қоршауға алынған.
Ал Келтемашат ауылдық округіне қарасты Жиынбай ауылына арнайы барған аудан басшысы елді мекен тұрғындары қазіргі таңда өз ағысымен келетін 200 метрлік құбыр арқылы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді.
Мұнан бөлек Даубаба ауылында 27 үйге сапалы ауызсу тартылды. Жоба аясында 3 шақырым қашықтыққа диаметрі 110 мм құбыр жүргізіліп, су бастау көзі қоршауға алынды. Сонымен қатар, 25 тонналық су сақтау багы орнатылып, ауызсу жүйесі толық іске қосылды.
Аудан аумағындағы ауызсу мәселесінің жай-күйімен танысқан аудан әкімі су бастау көздерінің маңына ағаш отырғызуды және бейнебақылау жүйесін орталықтандырылған түрде бір жерден бақылауды «Тұраркент су» мекемесінің басшысына тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
