Түркістан облысында жоғары технологиялық медициналық оталарға 469 миллион теңге жұмсалды

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Түркістан облыстық филиалының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы 4 айында өңірде 98 жағдайда жасалған жоғары технологиялық медициналық оталарға 469 миллион теңге жұмсалды.

Бүгінде медицина саласында жоғары технологиялардың көмегімен орындалатын операциялар мен күрделі медициналық манипуляциялардың маңызы артып келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, жалпы хирургия және басқа да бағыттар бойынша ай сайын ондаған күрделі операциялар жасалып жатыр. Осындай жоғары технологиялық бір операцияның орташа құны 4,7 миллион теңгені құрайды. Филиал директоры Бақыт Торғайбайұлының айтуынша, қазіргі таңда жоғары технологиялық операциялардың қолжетімділігі артып, көрсетілетін медициналық көмектің сапасы да жақсарған.

– Бүгінде өңірде жүрек пен қан тамырларындағы, жүйке жүйесіндегі, есту және көру қабілеттеріне қатысты ауруларды емдеуге, сондай-ақ нәрестелердің туа біткен ақауларын түзетуге арналған заманауи оталарды жасау мүмкіндігі бар, – деді филиал басшысы.

2026 жылдың 4 айындағы көрсеткіштерге тоқталсақ, 21 кардиохирургиялық операция жасалып, оған 92,6 миллион теңге төленді. 32 нейрохирургиялық операция орындалып, жалпы құны 198,9 миллион теңгені құрады. 5 бүйрек трансплантациясына 1,5 миллион теңге жұмсалды. 1 бауыр трансплантациясы жүргізіліп, оған 8,9 миллион теңге төленді.

Аталған медициналық қызметтердің барлығы МӘМС жүйесі аясында қаржыландырылады. Нәтижесінде сақтандырылған азаматтар үшін қымбат әрі күрделі операциялар тегін әрі қолжетімді болып отыр. Жоғары технологиялық медициналық көмек күндізгі және тәулік бойғы стационар жағдайында көрсетіледі. Бұл пациенттерге заманауи емдеу тәсілдерін қолдануға мүмкіндік беріп, ауыр диагноздар кезінде өмір сапасын жақсартуға және ұзартуға жағдай жасайды.

Еске сала кетсек, 2025 жылы МӘМС жүйесі аясында Түркістан облысында жоғары технологиялық медициналық қызметтерге 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған.

Филиал директорының айтуынша, бұл көрсеткіштер МӘМС жүйесінің халық үшін тиімді әрі әлеуметтік маңызы жоғары қолдау тетігі екенін көрсетеді. Бір ғана операцияның құны бірнеше миллион теңгеге жетуі мүмкін. Сондықтан МӘМС жүйесі азаматтардың қаржылық жүктемесін айтарлықтай азайтып отыр. Жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуы – өңірлік денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі. МӘМС арқылы көрсетілетін қызметтер азаматтардың өмірін сақтап қалуға және сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You