
Ә дегенде шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында «Көрме» орталығында 25 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Ақжайық шағынауданындағы баспаналар тұрғын үй кезегінде тұрған және «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асырылатын «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларына қатысып, төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға берілді.
Қала әкімі қоныс иелерін жаңа баспанамен құттықтап, тұрғындарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар пәтерлерді бөлу үдерісі ашықтық, әділдік және заңнама талаптарына сәйкес жүргізілетіні айтылды.
Сонымен бірге Ғабит Әбдімәжитұлы Азат және Өтеміс шағынаудандарындағы көшелерге асфальт төсеу және Текесу көшесін күтіп ұстау жұмыстарының барысын тексерді. Мердігер ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жойып, құрылыс сапасын барлық кезеңде қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұдан бөлек қала әкімі №121 жалпы орта мектебіне салынып жатқан 150 орындық қосымша ғимараттың құрылысын қарап шықты. Жоба мектеп инфрақұрылымын кеңейтіп, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Нысанды жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беру міндеті жүктелді.
Сондай-ақ әкім Текесу тұрғын алабында салынып жатқан Мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Нысан демеушілер қаржысы есебінен тұрғындардың ұсынысы негізінде жүзеге асырылуда. Жоба мәдени-әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Қала әкімі Текесу су қоймасының қазіргі жағдайын да тексерді. Сонымен қатар Рысқұлов даңғылынан Өтегенов көшесіне және Төлеметов көшесінен Шұбаркөл көшесіне дейінгі оң жақ өткел құрылысы, сондай-ақ Шұбаркөл мен Қазиев көшелерінің қиылысындағы жол жұмыстары қаралды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына аумақтарды абаттандыру жұмыстарын аяқтап, Төлеметов пен Шұбаркөл көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату тапсырылды.
Жалпы, Шымкентте тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қолжетімді баспанамен қамту, жол сапасын жақсарту, білім беру және мәдениет нысандарын көбейту – қала дамуының негізгі басым бағыттарының бірі. Қала аумағында жүргізіліп жатқан мұндай кешенді жұмыстар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, шаһардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға да серпін береді. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта да инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар жалғасып, қаладағы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға басымдық беріледі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
