![]()
Шымкенттегі “Түркістан” сарайында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен жиын өтті. Құқық қорғау органдарының, білім беру саласының және өзге де жауапты мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысқан алқа отырысында Шымкент қалалық білім басқармасының 2025-2026 оқу жылында атқарған жұмысы қорытындыланды.
Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов салада жүзеге асқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасады.
Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, суицидтің, есірткі қылмыстарының және деструктивті діни ағымдардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, мектеп формасының сақталуы мен тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыру бағытындағы шаралар талқыланды.
Жиында 25 мамырдағы соңғы қоңырау іс-шаралары мен аттестат тапсыру рәсімдерін қауіпсіз әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Балалардың жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар бойынша жауапты сала өкілдері баяндама жасады.
Сонымен қатар бүгін 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиын барысында мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері марапатталып, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, шаһарда мәдениет саласында оң өзгерістер жүзеге асып жатқанын атап өтті.
— Мегаполис шаһар бүгінде мәдениет пен руханияттың маңызды орталығына айналды. Қала тұрғындарының мәдени деңгейін арттыру бағытында көптеген мәдениет ошақтары жаңғыртылды. Қаланың рухани өмірін дамытуда, тың идеяларды жүзеге асыруда сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Шымкент қаласында кітап оқуды дәріптеу мақсатында үш жыл қатарынан «Абай оқулары» ұйымдастырылды. Балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталған бірнеше жоба қолға алынды.
Сондай-ақ кітапханалар мен архив саласын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Театрлардың қызметі жанданып келеді. Жалпы алғанда, мәдениет пен өнердің барлық бағытына ерекше көңіл бөлініп отыр. Мұның барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасымен және қала әкімінің қолдауымен жүзеге асуда, — деді қала әкімінің орынбасары.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
