![]()
Шымкентте тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Бүгін «Көрме» орталығында кезекті 30 отбасыға пәтер кілтін табыстау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Қала әкімі қоныс иелерін жаңа баспанамен құттықтап, әр шаңыраққа береке, жайлылық пен бақыт тіледі. Жаңа қоныс иелері Ақжайық шағынауданындағы заманауи көп қабатты үйлерден баспаналы болып отыр. Пәтерлер мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары және «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылатын жеңілдетілген ипотекалық тетіктер аясында берілді.
Бағдарламаға «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары бойынша төлем қабілеттілігін растаған азаматтар қатысты. Олардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ, бюджет саласының қызметкерлері бар.
Айта кету керек, көп қабатты үйлер барлық құрылыс талабы мен стандарттарына сай салынған және қажет инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Мұндай жобаларды жүзеге асыру қаладағы тұрғын үй қорын кеңейтіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Мұнан соң Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында Мирас-Шапағат шағынауданында салынып жатқан кәріз жүйесінің құрылысын тексерді. Жоба тұрғындарды сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған. Жауапты басқармаға барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.
Бұдан бөлек Алтынсарин көшесін қайта жаңғырту жұмыстарының барысы қаралды. Жоба толық аяқталғаннан кейін жаңартылған төрт жолақты магистраль аудандар арасындағы көлік қозғалысын ыңғайлы әрі қауіпсіз етіп, Бәйдібек би даңғылындағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ шаһар басшысы тарапынан А-2 айналма жолын қайта жаңғыртудың V кезеңіндегі құрылыс жұмыстары бақылауға алынды. Қазіргі таңда жолды кеңейту және жол жабынын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Мердігер мекемелерге құрылыс қарқынын күшейтуді жүктеді.
Атап өту керек, қаланың қарқынды дамуы тек жаңа нысандардың бой көтеруімен емес, тұрғындардың күнделікті өміріне қажетті жағдайлардың жақсаруымен өлшенеді. Әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру, коммуналдық желілерді жаңарту және көлік қатынасын реттеуге бағытталған бастамалар мегаполистің тұрақты өсіміне негіз қалайды. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптасып, өңірдің экономикалық және әлеуметтік әлеуеті арта түсуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
