![]()
Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Мегаполисте жылу желілерінің тозу деңгейін төмендетіп, апаттың алдын алу мақсатында құбырішілік диагностика технологиясы енгізілді.
Бұл технология Қазақстанда алғаш рет Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде сынақтан өтті. Заманауи әдіс жылу құбырларының ішкі қабырғаларын жоғары дәлдікпен сканерлеп, жасырын ақауларды анықтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде қаладағы магистралды 7 көшеде диаметрі 426-1000 мм аралығындағы 3 200 метр жылу құбырына диагностика жүргізілді. Нәтижесінде құбырлардың техникалық жай-күйі қанағаттанарлық деп танылып, қауіпті учаскелер бойынша нақты техникалық қорытындылар мен ұсыныстар берілді.
Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл жөндеу шығындарын 20-75%-ға дейін қысқартып, апат тәуекелін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар деректерді өңдеу барысында жасанды интеллект технологиясы қолданылып, талдау дәлдігі 15%-ға артқан.
Жобаны жалғастыру мақсатында биыл 11 көшеде диаметрі 426-720 мм аралығындағы 5 шақырым жылу құбырына диагностика жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Инженерлік инфрақұрылымды басқарудағы мұндай инновациялық шешімдер коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттырып қана қоймай, саланы цифрландырудың жаңа кезеңіне жол ашады. Желі жағдайын алдын ала бағалау мүмкіндігі ресурстарды тиімді жоспарлауға, күрделі жөндеу жұмыстарын ғылыми негізде ұйымдастыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, озық технологияларды қолдану арқылы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдайлар күшейіп, қаланың энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына берік негіз қаланады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударып, тозған желілерді кезең-кезеңімен жаңарту мен заманауи технологияларды енгізу міндетін қойған болатын. Бүгінде Үкімет осы бағытта ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып, инженерлік жүйелердің сенімділігін арттыруға басымдық беріп келеді. Шымкентте қолға алынған құбырішілік диагностика жобасы – осы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижелерінің бірі. Озық технологиялардың енгізілуі апаттардың алдын алуға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және стратегиялық инфрақұрылымның қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және өңірлердің тұрақты дамуына қызмет етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
