Шымкентте жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтаруда заң талаптары сақталады

Loading

Шымкент қаласының Бас жоспарын жүзеге асыру мақсатында Жер қатынастары басқармасы тарапынан жер учаскелері мен басқа да жылжымайтын мүліктерді мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иеліктен шығару жұмысы атқарылып жатыр.

Қазіргі таңда қала аумағындағы жол инфрақұрылымын дамыту үшін Бәйдібек би даңғылына балама жол саналатын С.Бәйтереков көшесінің жалғасы – Ы.Алтынсарин көшесін (Алматы көшесінен Тұран шағынауданына дейін) қайта құру нысанының құрылысына түсетін жер учаскелері толық мемлекет мұқтажына қайтарылды. Үйлер мен басқа да жылжымайтын мүліктер бұзылып, жол құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Сонымен қатар, Таскен тұрғын алабындағы Ақсүмбе көшесін жалғастыру құрылысына түсетін 37 жер учаскесі мен жылжымайтын мүліктерді мемлекет мұқтажына алу туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы қабылданып, тиісті жұмыстар басталған. Жол құрылысын оңтайландыру және осы аумақ тұрғындарының өтініштеріне сәйкес, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жолдың жобасына өзгерістер енгізілуде.

“Мемлекет мұқтажына жер учаскелері мен басқа да жылжымайтын мүліктерді иеліктен шығару барысында барынша ашықтық, қолданыстағы заңда көзделген принциптер толық сақталады”, — дейді жауаптылар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді кешенді дамыту барысында заманауи көлік және инженерлік инфрақұрылым қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Бүгінде Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар осы міндеттерді іске асыру мақсатында елді мекендердің көлік байланысын жақсартуға, жаңа магистральдар салуға және қалалардың Бас жоспарларын кезең-кезеңімен жүзеге асыруға басымдық беруде. Шымкентте мемлекет мұқтажына жер учаскелерін алу жұмыстары да дәл осы стратегиялық мақсаттарға қызмет етеді. Ең маңыздысы, мұндай процестердің заң талаптарына сай, ашық әрі әділ жүргізілуі азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар, қоғам сенімін нығайтады. Нәтижесінде қала аумағында жаңа көлік дәліздері қалыптасып, жол өткізу қабілеті артып, мегаполистің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қаланады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You