![]()
Шымкент сити шағынауданындағы ауқымды саябақтың аумағы кеңейтіліп, екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда мердігер мекеме құрылыс-монтаж жұмыстарының 75 пайызын аяқтады.
Жоба аясында шағын сәулеттік формалар, ақпараттық стендтер, арқалығы бар саябақ орындықтары, қоқыс жәшіктері, пикник үстелдері, шолу алаңдары, серуендеуге арналған ағаш соқпақтар, көгалдандыру және гүлзарлар қарастырылған. Сондай-ақ, пандустар мен төмендетілген жиек тастар орнату арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалуына жағдай жасалады.
Сонымен қатар, монументалды барельефте қазақ халқының мәдениеті мен тарихы стильдендірілген бейнелер арқылы панорамалық түрде көрсетіледі. Онда көшпелі өркениеттің төрт негізгі тақырыбы қамтылған:
- «Ежелгі түркілер» – панно сюжетінде сақ, ғұн және ежелгі түркі дәуірлері бейнеленген;
- «Алтын Орда» – композицияда тақта отырған Шыңғыс хан мен қолбасшылары, бес қаруы сай атты және жаяу әскер көрініс табады;
- «Қазақ хандығы» – паннода ел басқарған хандар, Үш жүздің ұлы батырлары мен билері бейнеленген;
- «Заманауи Қазақстан» – бұл панно сюжетінде қазіргі Қазақстан көрінісі мен еліміздің рәміздері қамтылған.
Саябақ құрылысын Қала күніне дейін толық аяқтап, тұрғындардың игілігіне беру жоспарланған.
Айта кетейік, ауқымды саябақтың құрылысы 2023 жылы басталып, І кезеңі 2024 жылы пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда саябақ қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналды.
Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз бастамаларында қалалардың тұрақты дамуы тұрғындардың өмір сүру сапасымен, қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігімен және қоршаған ортаның жайлылығымен тікелей байланысты екенін атап келеді. Осыған сәйкес Үкімет өңірлерде саябақтар мен скверлер салу, қоғамдық орындарды жаңғырту және қолайлы урбанистикалық орта қалыптастыру бағытындағы жобаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Шымкент ситидегі саябақтың кеңейтілуі тек демалыс аймағын ұлғайту ғана емес, қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтауға, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және ұлттық мәдени мұраны заманауи форматта насихаттауға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Әсіресе, тарихи-танымдық композициялардың саябақ кеңістігіне енгізілуі өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, қоғамдық орындардың тәрбиелік маңызын күшейтеді. Мұндай жобалар мегаполистің тартымдылығын арттырып қана қоймай, Шымкенттің заманауи әрі жайлы өмір сүруге қолайлы қала ретінде дамуына жаңа серпін береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
