Мемлекет басшысы: «Заң мен тәртіпке құрметпен қарау– ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс»

Мемлекет басшысы заң мен тәртіпке құрметпен қарау – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс екенін айтты.

«Осы тұста мен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына байланысты тағы да атап өткім келеді. Қалалар мен ауылдарды көркейту, аумақтарды көгалдандыру жұмысына әрдайым ерекше мән беру қажет.

Сондай-ақ экологиялық мәдениетті көтеру мәселесіне көңіл бөлген жөн. Әсіресе, адамдардың туристік нысандар мен табиғат аясындағы тәртібіне айрықша назар аудару маңызды.

Тәртіп бұзушыларды, яғни, вандалдарды заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Бір сөзбен, құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз керек.

Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, бұл – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс. Осы маңызды дүниені дұрыс түсінген жөн.

Қазіргі бұлыңғыр, әскери қақтығысқа толы заманда елімізге татулық пен тұрақтылық ауадай қажет. Онсыз ешқандай реформа, жалпы оң өзгеріс болмайды. Сондықтан құқық қорғау мекемелері заң бұзушылықтарға қатаң шаралар мен жазаларды қолдануы керек.

Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін.

Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде «Заң мен тәртіп» саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы. Бүкіл қоғам да, әкімдер де бұл мәселеге баса назар аударуы керек», — дей келе, Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қақтығысқа толы заманда елімізге татулық пен тұрақтылық ауадай қажет екенін тағы бір мәрте еске салды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәлімдемесі елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатының стратегиялық маңызын айқындай түседі. Қазіргі кезеңде қоғамдық қауіпсіздік, құқықтық мәдениет және азаматтық жауапкершілік мемлекеттің тұрақты дамуының басты факторларының біріне айналып отыр. Сондықтан заң талаптарын сақтау тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, әрбір азаматтың ішкі ұстанымы мен қоғамдық жауапкершілігінің көрсеткіші болуы тиіс. Мемлекет басшысы атап өткендей, құқықтық тәртіп пен тазалық мәдениеті өзара тығыз байланысты ұғымдар. Қоғамдық орындарды күтіп ұстау, табиғатты қорғау, вандализмге жол бермеу және заңға құрметпен қарау – өркениетті қоғамның негізгі белгілері. Әсіресе, әлемдегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты сақтау Қазақстанның одан әрі дамуы мен ауқымды реформалардың табысты жүзеге асуының басты кепілі болып қала береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You