
– Біз Орталық Азия мен Қазақстанның әлемде геосаяси тұрғыдан маңызды рөл атқаратынын білеміз. Қазақстан Еуропа Одағының стратегиялық серіктесі саналады. Кипр – Еуропа Одағына мүше мемлекет ретінде қазақстандық инвесторлар мен компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа. Біз Еуропа Одағы стандарттарына толығымен сай келетін нақты іскерлік ортаны ұсынамыз. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, финтех, инвестициялық қорлар, кеме қатынасы, туризм, білім беру, жаңартылатын энергия және инфрақұрылым екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына айнала алады. Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығына баруды жоспарлап отырмын. Аталған орталықпен әріптестікті, әсіресе қаржы қызметтері мен «жасыл» қаржыландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде зор әлеует бар, – деді Кипр Президенті.
Мемлекет басшысы нәтижелі экономикалық күн тәртібіне қол жеткізу үшін үкіметтер күшін үйлестіру маңызды деп санайды.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынды. Президент Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құру, сондай-ақ сауда делегацияларымен тұрақты алмасу жөнінде бастама көтерді.
Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, цифрлық коммуникация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективасын талқылады.
Сонымен қатар мәдениет, білім, спорт және туризм бағыттарындағы байланысты кеңейту мүмкіндігіне назар аударды.
Келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Кипр арасындағы өзара тиімді серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Әсіресе, инвестиция, көлік-логистика, цифрландыру, жасанды интеллект және «жасыл» қаржыландыру салаларындағы ынтымақтастықтың кеңеюі екі ел экономикасының дамуына тың серпін бермек. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты одан әрі тереңдетуге ықпал етеді. Бұл кездесу Қазақстанның Еуропа Одағымен стратегиялық әріптестігін дамыту жолындағы маңызды дипломатиялық қадамдардың бірі ретінде бағаланады.
Сондай-ақ тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша диалогты жалғастыруға мүдделі екенін растады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
