Шымкент қаласының әкімі Мемлекеттік рәміздер күніне орай Ту көтеру рәсіміне қатысты

Шымкент қаласындағы «Шымсити» шағынауданында орналасқан «Ту тұғыры» алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі мен мерекелік жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар және қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиынның басты сәті Шымкенттің қарқынды дамуының символына айналған 100 метрлік тұғырдағы Мемлекеттік Тудың көтерілуі болды. Іс-шара Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды. Жиналған қауымға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранының қалыптасу тарихы мен маңызы туралы ақпарат беріліп, ұлттық рәміздердің ел бірлігі мен тәуелсіздігін айқындайтын басты құндылық екені атап өтілді.

Мерекелік жиында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен қала жастары мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, сап түзеді. Салтанатты рәсім барысында Мемлекеттік Ту көтеріліп, патриоттық әндер шырқалды. Жастар «Көк тудың желбірегені» әнін орындап, туған елге деген сүйіспеншіліктерін білдірді.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев Мемлекеттік рәміздердің ел өміріндегі ерекше орнына тоқталып, барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

– Мемлекеттік рәміздер күні – елдік пен тәуелсіздіктің символдарын ұлықтайтын ерекше мереке. Ту, Елтаңба және Әнұран – кез келген мемлекеттің басты нышандары. Қай жерде жүрсек те көк Туымызды көргенде жүрегімізді мақтаныш сезімі кернейді. Бүгінгі жастар мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін терең түсінеді. Бұл – ел болашағының жарқын екенінің белгісі. Барша отандастарымызды мерекемен құттықтаймын. Тәуелсіз Қазақстанның көк Туы әрдайым биікте желбірей берсін, – деді ардагер.

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шара жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және елдік сананы нығайтуға бағытталды. Осы күні еліміздің барлық өңірлерінде бір мезетте Мемлекеттік Әнұран шырқалып, Мемлекеттік Ту көтерілді.

Мемлекеттік рәміздер – Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің айқын белгісі. Олардың мәні мен маңызын құрметтеу әрбір азаматтың қасиетті борышы. Көк байрағымыздың асқақ желбіреуі – ел бірлігінің, еркіндіктің және Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.

Тағы бір атап өтерлігі, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You