Брифинг: Шымкентте АПВ-ға қарсы вакцина денсаулықты қорғаудың тиімді жолы екені түсіндірілді

Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация бүгінде әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылып келеді. Алғаш рет 2006 жылы АҚШ пен Австралияда енгізілген вакцина қазіргі таңда жатыр мойны обыры мен АПВ-мен байланысты өзге де аурулардың алдын алудың тиімді құралы ретінде танылған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация туралы» тақырыбындағы баспасөз конференциясында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Айгүл Мелесқызы Тұрымбетова жан-жақты тоқталды.

Халықаралық зерттеулердің нәтижелері вакцинаның қауіпсіздігін дәлелдеп отыр. Дания, Канада және АҚШ-та 200 мыңнан астам жас әйелдің қатысуымен жүргізілген ғылыми зерттеулер АПВ вакциналарының ұрпақты болу денсаулығына кері әсер етпейтінін көрсетті.

Бүгінде әлем бойынша 100 миллионнан астам адам АПВ-ға қарсы вакцина алған. Осы мақсатта 270 миллионнан астам вакцина дозасы қолданылып, бақылау нәтижелері ауыр жанама әсерлердің тіркелмегенін растады. Мамандардың айтуынша, АПВ-ға қарсы вакцинация – жатыр мойны обырының және вируспен байланысты басқа да аурулардың алдын алудағы ең тиімді профилактикалық шаралардың бірі.

Адам папилломасы вирусы (АПВ) – әлемде кең таралған инфекциялардың бірі. Мамандардың мәліметінше, 25 жасқа дейінгі әйелдер мен ерлердің басым бөлігі осы вирусты жұқтырады. АПВ-ның кейбір түрлері жатыр мойны обырының дамуына себеп болады. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының шамамен 1900 жаңа жағдайы анықталып, 600-ден астам әйел осы дерттен көз жұмады. Бұл – күніне екі әйелдің өмірі қатерлі ісіктің құрбаны болады деген сөз. Сондықтан аурудың алдын алу мәселесі денсаулық сақтау саласының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр.

Бүгінде АПВ-ның нақты емі жоқ. Мамандар вирустың алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екенін айтады. Осыған байланысты Қазақстанда 2024 жылдың күзінен бастап 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцина тегін салына бастады. Вакцина мектептерде немесе емханалардағы екпе кабинеттерінде жүргізіледі.

Әлемнің 135 елінде қолданылып келе жатқан бұл вакцина өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген. Дәрігерлердің айтуынша, вакцина қыз балаларға вирус жұқтырмай тұрып егілген жағдайда ең жоғары қорғаныс қалыптастырады. Сондықтан ата-аналарға балаларының денсаулығын қорғау мақсатында вакцинацияның маңызын түсіну ұсынылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

 

Ad Widget

Recommended For You