![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданы тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Жиынға Қайтпас, Мирас шағынаудандары мен Мартөбе, Сайрам тұрғын алаптарының тұрғындары қатысып, өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу барысында тұрғындар жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыру және кеңейту, жасыл желекті суару, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жүргізу мен олардың қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелерін көтерді.
Сонымен қатар жер қатынастары мен әлеуметтік қолдау шаралары, аула аумақтарын абаттандыру мен көшелерді асфальттау, бағдаршам орнату және жүк көліктеріне арналған салмақ бақылау бекеттерін ашу мәселелері талқыланды.
Тұрғындар тарапынан балабақша мен мектеп салу, спорт және балалар ойын алаңдарын күтіп ұстау, сондай-ақ дәрігерлік амбулатория ғимаратын «РайМед» медициналық орталығына жалға беру жөнінде ұсыныстар да айтылды.
Өз кезегінде қала әкімі мен салалық басқарма басшылары көтерілген мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды шешу жолдарын талқылады. Қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бақылауға алынып, кезең-кезеңімен іске асырылатын болды. Кездесу қорытындысы бойынша шаһар басшысы тарапынан аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына тұрғындардан түскен барлық өтініштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Қаратау ауданында өткен бұл көшпелі кездесу – жергілікті билік пен бұқара арасындағы ашық диалогтың жарқын үлгісі. Мұндай формат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аймақтарда нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Әкімдердің жұмысы кабинетте емес, халықтың арасында өтуі тиіс. Әрбір өтініш назардан тыс қалмай, нәтижелі шешілуі керек», – деп атап өткен болатын. Соңғы деректерге сүйенсек, Шымкентте тұрғындардан түскен арыз-шағымдардың жедел шешілу көрсеткіші айтарлықтай өскен. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен бақылауға алынған инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелер шаһардың даму жоспарына енгізіліп, кезең-кезеңімен шешімін таппақ. Бұл – мегаполистегі өмір сапасын арттырудың басты кепілі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
