Шымкент қаласының әкімі Тұран ауданында тұрғындармен көшпелі кездесу өткізді

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран ауданы тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Жиында көпқабатты тұрғын үйлердегі кәсіпкерлік нысандарының қызметі мен коммуналдық қызметтердің жұмысы, қаңғыбас және қараусыз жануарларды аулау тәртібі, аула аумақтарын абаттандыру және кәріз жүйелерін жүргізу мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар тұрғын үйді жаңғырту және Реновация бағдарламаларының шарттары, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, балалар және спорт алаңдарындағы тозған элементтерді жаңарту мәселелері де талқыланды.

Бұдан бөлек тұрғындар аулаларға қосымша бейнебақылау камераларын орнату, көпқабатты тұрғын үйлердегі жарамсыз лифт жабдықтарын ауыстыру, сондай-ақ «Жаңаталап» шағынауданында учаскелік полиция пунктін ашу қажеттігі жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Қала әкімі мен салалық басқарма басшылары көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірмелер беріп, оларды шешу тетіктерін талқылады. Қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бақылауға алынып, кезең-кезеңімен іске асырылатын болды.

Кездесу қорытындысы бойынша Ғабит Сыздықбеков тарапынан аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына тұрғындардан түскен барлық өтініштерді жан-жақты зерделеп, нақты шаралар қабылдау және олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Тұран ауданындағы көшпелі кездесу тұрғындардың күнделікті өмір сапасына әсер ететін мәселелерді билік пен халық арасында ашық талқылаудың тиімді алаңына айналды. Бүгінде Қазақстанда урбанизация қарқыны күшейіп, қала халқының үлесі 63 пайыздан асты. Мұндай жағдайда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіздікті күшейту және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жергілікті атқарушы органдардың басты міндетіне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты нақты нәтижемен өлшенуі тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Тұрғындардың ұсыныстары негізінде қабылданған шешімдер мен нақты тапсырмалар осы ұстанымның жергілікті деңгейде жүйелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Азаматтардың сұранысына жедел жауап беру мен инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту Тұран ауданының ғана емес, бүкіл Шымкенттің тұрақты әрі сапалы дамуына берік негіз қалайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You