Шымкентте биыл 152 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарларына кенеге қарсы залалсыздандыру жүргізілді

Loading

Шымкент қаласында санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кенелерге, масаларға, кеміргіштерге және шегірткелерге қарсы кешенді өңдеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мейрханұлы Базарбеков айтты.

Жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде жүргізілетін кенеге қарсы залалсыздандыру шаралары биыл да жоспарға сай жүзеге асырылды. Алғашқы кезең 26 наурыз бен 25 мамыр аралығында толық аяқталып, 152 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары өңделді. Сонымен қатар 4,6 миллион шаршы метрден астам қора-жайлар, саябақтар мен гүлзарлар аумағында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға арнайы техникамен жабдықталған 6 бригада және 18 маман тартылды.

Биылғы бес айда қалада Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы тіркелмеген. Дегенмен кене шағу жағдайымен 475 адам медициналық көмекке жүгінген. Мамандардың мәліметінше, олардың басым бөлігі басқа өңірлерде мал шаруашылығымен айналысу немесе демалыс кезінде кене шағуына ұшыраған.

Қалада масаларға қарсы дезинсекциялық шаралар да қарқынды жүргізілуде. Бұл мақсатқа 30 маман мен 20 арнайы техника жұмылдырылған. Өңдеу жұмыстары саябақтарда, өзен-көл арналары мен гүлзарлар аумақтарында кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Масаларға қарсы дезинсекциялық жұмыстар 30 наурызда басталған. Жоспарға сәйкес 14 саябақ, 38 өзен мен канал, сондай-ақ 49 гүлзар мен аллея кезең-кезеңімен өңделеді. Бүгінгі күнге дейін саябақтарда үш мәрте, ал өзен арналары мен гүлзарларда екі мәрте залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.

Сонымен қатар сәуір айында кеміргіштерге қарсы көктемгі дератизация толық аяқталды. Өңдеу жұмыстары өзен жағалаулары, суару каналдары мен қоқыс контейнерлері орналасқан аумақтарды қамтыды. Нәтижесінде кеміргіштерден зардап шеккендер саны өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе төмендеген. Мамандар тұрғындар мен кәсіпкерлерді өз нысандарында санитариялық өңдеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге шақырады.

Қала аумағында ауыл шаруашылығы мен жасыл желектерге қауіп төндіретін саяқ шегірткелерге қарсы да арнайы шаралар қолға алынған. Мамыр-шілде айларында жалпы көлемі 1382 гектар жерді химиялық өңдеу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 300 гектарында жұмыстар аяқталды. Жауапты мекемелердің мәліметінше, зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасып, қаладағы санитариялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You