![]()
Шымкентте тағы 30 отбасы баспаналы болды. Жаңа пәтерлердің кілтін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков салтанатты түрде табыстап, тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтады, оларға амандық, береке және шаңырақтарына құт-береке тіледі.
Баспана тұрғын үй кезегінде тұрған және «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген бағдарламалары аясында төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға берілді. Қоныс иелері Ақжайық шағынауданындағы заманауи көп қабатты үйлерден пәтерлі болып отыр.
Айта кетейік, пәтер иелерінің қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ, бюджет саласының қызметкерлері бар. Мұндай шаралар баспана жағдайын жақсартуды қажет ететін азаматтарға атаулы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Жаңа үйлер барлық құрылыс стандарты мен қауіпсіздік талаптарына сай салынған. Аумақ қажет инженерлік және коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жайлы өмір сүруге және шағынауданның одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасалған.
Шымкент қаласында тұрғын үй қорын кеңейту және халыққа баспана қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Осындай жобаларды іске асыру әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және заманауи қалалық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Одан кейін қала басшысы Бозарық шағынауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынып жатқан заманауи қоғамдық кеңістіктің құрылысымен танысты. Жалпы аумағы шамамен 4 900 шаршы метрді құрайтын нысанда бүгінде көгал төсеу аяқталып, жарықтандыру, автоматты суару жүйесі, балалар және спорт алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Абай ауданында өткен көшпелі кездесу барысында тұрғындар өз қаражаты есебінен балалар ойын алаңшасын салу жөнінде бастама көтерген көшелердің бірі араланды. Қала әкімі ұсынылған жер телімінің орналасу орнымен танысып, жауапты мекемелерге бұл өтінішті заң талаптарына сәйкес жан-жақты қарап, қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Бұдан бөлек, жапон бағы (бұрынғы «Кең Баба» саябағы) аумағындағы құрылыс жұмыстарының барысы тексерілді. Аумақты абаттандыру деңгейі, құрылыс қарқыны мен сапасы қаралып, мердігер ұйымға нысанды белгіленген мерзімде аяқтау үшін жұмысты жеделдету тапсырылды.
Қаланы аралау аясында Жаңа Тұрлан шағынауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша салынған қоғамдық кеңістік те қаралды. Жалпы аумағы 3 000 шаршы метр болатын демалыс аймағында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, автоматты суару жүйесі мен көше жарықтандыруы орнатылған. Жаңа нысан тұрғындардың демалысы мен серуені үшін қолайлы қоғамдық кеңістікке айналмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
