![]()
Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті тыңдады. Ғабит Сыздықбеков өткен жылдың қорытындысы бойынша қаланың жалпы өңірлік өнімі 5,7 триллион теңгеге жетіп, 11 пайызға артқанын баяндады.
Жалпы өңірлік өнімнің өсу қарқыны бойынша Шымкент еліміздің барлық өңірлері арасында екінші орынға шыққан.
2025 жылы шаһар экономикасына 859,5 миллиард теңге инвестиция құйылды, оның 72 пайызы жекеге тиесілі. Жалпы өсім – 7,5 пайыз. Ал соңғы үш жылда қала экономикасына 2,3 триллион теңге инвестиция тартылды. Оның 75 пайызы – жеке инвестиция.
Соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында құны 170 миллиард теңге болатын 50 жоба іске қосылып, 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіп өндірісі 1,5 триллион теңгеге жетті. Қалада тамақ, мұнай өңдеу, химия, тоқыма және фармацевтика салаларында 800-ге жуық ірі және орта кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді.
Мұнда еліміздегі мақта майының 97 пайызы, мақта-мата өнімдерінің 63 пайызы, дәрі-дәрмектің 41 пайызы, мотор отынының 38 пайызы және шыны ыдыстың 36 пайызы өндіріледі.
Белсенді кәсіпкерлік субъектілер саны 133 мыңға жетіп, олар шығарған өнім көлемі 4,7 триллион теңгені құрады. Оның өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 41 пайыздан 56 пайызға артты. Сыртқы сауда айналымы 2,6 миллиард АҚШ долларына жетті. Оның ішінде экспорт көлемі – 616 миллион доллар.
Шымкентте жалпы аумағы 1 394 гектарды құрайтын 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Мұнда құны 453 миллиард теңгелік 344 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Қала әкімі 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша да негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталып отырғанын жеткізді.
Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 10,4 пайызға өсті. Бұл өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларында байқалды.
Мемлекет басшысына бұған дейінгі тапсырмаларының орындалу барысы туралы ақпарат берілді.
Қазіргі уақытта 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда. Сондай-ақ биыл 150 орындық оңалту орталығын пайдалануға беру жоспарланған.
35 мың жанкүйерге арналған заманауи стадион, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт түрлері мен боччаға арналған мамандандырылған кешен құрылыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше мән берілуде.
Мемлекет басшысы Шымкент қаласын одан әрі дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма бергенін айта өтейік.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
