Брифинг: Шымкентте МӘМС аясында медициналық қызметке қолжетімділік артып келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында атқарылған жұмыстарды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КеАҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Сәуле Сансызбайқызы Дүйсенбаева қорытындылады.

Бүгінде қалада МӘМС шеңберінде 174 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 34-і — мемлекеттік, қалғаны — жекеменшік медициналық мекемелер. Барлығы Қормен жасалған келісімшарт негізінде жұмыс істеп, көрсетілген қызмет көлемі мен сапасына қарай қаржыландырылады.

Биылғы алғашқы бес айда тұрғындарға 4 миллионға жуық консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Сонымен қатар 55 мыңға жуық пациент стационарлық ем қабылдаса, 16 мыңға жуық адам күндізгі стационар қызметін пайдаланған. Бұл қызметтердің басым бөлігі МӘМС қаражаты есебінен қаржыландырылды.

Медициналық оңалту бағыты да қарқынды дамып келеді. Қаладағы 30-ға жуық медициналық ұйымда көрсетілетін оңалту қызметін бес айда 7 мыңға жуық азамат алған. Әсіресе, инсульттен кейінгі, кардиохирургиялық операциялардан соңғы және созылмалы аурулары бар пациенттер үшін бұл көмектің маңызы зор.

Қазіргі таңда Шымкентте 1 миллион 78 мыңнан астам адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Бұл қала халқының шамамен 85 пайызын құрайды. Мамандардың айтуынша, жүйенің басты мақсаты – тұрғындардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына жағдай жасау.

Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру және қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында жаңа цифрлық шешімдер енгізілуде. Қазіргі таңда қаладағы барлық медициналық ұйымдар «Qalqan» цифрлық платформасына толық көшірілген. Жаңа жүйе көрсетілген медициналық қызметтердің шынайылығын растауға, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауға және қаржыландыру үдерісінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

МӘМС жүйесі арқылы жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік те кеңейген. Бүгінде мұндай қызметтерді сегіз медициналық мекеме көрсетеді. Жыл басынан бері 200-ден астам жоғары технологиялық операция мен емдеу қызметі қаржыландырылды. Оның ішінде кардиохирургия, нейрохирургия және трансплантология бағыттары басым.

Медициналық қызметтердің сапасын бақылау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде биылғы бес айда 72 мыңға жуық ақау анықталып, медициналық ұйымдарға 700 миллион теңгеден астам қаржылық санкция қолданылған. Сонымен қатар медициналық қызмет сапасына қатысты түскен арыз-шағымдар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,1 пайызға төмендеген.

Мамандардың пікірінше, бұл көрсеткіштер денсаулық сақтау ұйымдарындағы ішкі бақылау жүйесінің нығайғанын және пациенттердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстардың тиімділігін көрсетеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You