![]()
Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасы басшысының төрағалығымен қоғамдық бірлестіктер мен кәсіпкерлік субъектілері арасында мемлекеттік наградалар мен рәміздердің заңды қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында түсіндірме отырысы өтті.
Жиын барысында қолданыстағы заңнама талаптары, соның ішінде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына енгізілген өзгерістер кеңінен талқыланды.
Негізгі талаптар мен шектеулер:
Қоғамдық бірлестіктер тарапынан мемлекеттік наградаларға атауы немесе сыртқы келбеті бойынша толықтай немесе ішінара ұқсас ордендер мен медальдарды, төсбелгілерді тағайындауға және дайындауға заңмен тыйым салынады.
Мемлекеттік емес наградалармен Қазақстан Республикасының, халықтың немесе Мемлекет басшысының атынан марапаттауға жол берілмейді.
Кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік наградаларға ұқсас белгілерді дайындау мен өткізудің заңсыздығы, сондай-ақ бұл үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 674-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді.
Мемлекеттік рәміздер мен наградалар — елдігіміздің беделі. Олардың қадірін түсіруге және коммерцияландыруға жол берілмейді. Сондай-ақ, барлық мемлекеттік органдар мен мекемелердің ғимараттарында қоғамдық наградалармен және өзге де атақтармен марапаттау шараларын өткізуге тыйым салынатыны ескертілді.
Иә, мемлекеттік наградалар мен рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның тарихын, мемлекеттілігін және ұлттық құндылықтарын айқындайтын маңызды нышандар. Сондықтан олардың мәртебесін сақтау мен заңсыз пайдалануға жол бермеу – әрбір азаматтың және ұйымның ортақ міндеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайту және ұлттық рәміздерге құрмет мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте өткен түсіндіру жұмыстары қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, мемлекеттік наградалар жүйесінің тұтастығын сақтауға ықпал етеді. Заң талаптарын қатаң сақтау – ел беделін көтерудің және мемлекеттік құндылықтарды құрметтеудің маңызды кепілі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
