Қала күніне орай «Шымқала» этноауылының алғашқы кезеңі ашылды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қала күніне орай ашылған «Шымқала» этноауылының алғашқы кезеңінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жаңа мәдени-туристік нысан қала тұрғындары мен қонақтарының игілігіне берілді.

Жоба жеке инвестордың қаржысы есебінен жүзеге асырылған. Мәдени-туристік кешеннің негізгі мақсаты – қаланың туристік әлеуетін арттыру, ұлттық мұраны дәріптеу және креативті индустрияларды дамыту. Мұнда ұлттық дәстүрлер мен заманауи мәдени кеңістіктің мүмкіндіктері үйлесімді ұштасқан.

Этноауылдың алғашқы кезеңі аясында концерттік алаң, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы, ұлттық тағамдар мейрамханасы, кәдесый дүкендері мен қолөнер павильондары пайдалануға берілді.

Жаңа кеңістік алдағы уақытта көрмелер, шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер және түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілетін орталыққа айналмақ. Сонымен қатар бұл алаң суретшілердің, дизайнерлердің, қолөнершілердің және жас таланттардың жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жоба кезең-кезеңімен жалғасады. Алдағы уақытта өңірдегі ең үлкен киіз үйдің құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ этноауылдың инфрақұрылымы одан әрі дамытылып, оның Шымкент қаласының жаңа туристік және мәдени нысандарының біріне айналуы көзделіп отыр.

«Шымқала» этноауылының ашылуы – Шымкенттің туристік және мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жоба. Ұлттық құндылықтарды заманауи форматта дәріптейтін бұл кешен қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартылыс орталығына айналмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мәдени мұраны сақтау мен креативті индустрияларды дамыту елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды факторлардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, этноауыл өңір туризмінің дамуына тың серпін беретін бірегей мәдени кеңістік болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

 

Ad Widget

Recommended For You