![]()
Сауран ауданы әкімдігі жанындағы Терроризмге қарсы комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында экстремизм мен терроризмнің алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және террористік тұрғыдан осал объектілердің қорғалу деңгейін күшейту мәселелері талқыланды.
Отырыстың күн тәртібіне сәйкес алғашқы мәселе бойынша Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Қалеке баяндама жасап, экстремизм мен терроризм белгілері бар саяси-қоғамдық тұрақсыздандыру фактілеріне жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, ұлтаралық келісімді сақтау, этносаралық қатынастарды нығайту және ықтимал қақтығыстардың алдын алу бойынша жүргізілген профилактикалық шаралар туралы ақпарат берілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында Сауран аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Данияр Түймебаев террористік тұрғыдан осал объектілердің қазіргі жай-күйі жөнінде баяндап, анықталған кемшіліктер мен оларды жоюға бағытталған ұсыныстарды таныстырды.
Сондай-ақ комиссия хатшысы Жанболат Сайлау терроризмге қарсы комиссияның бұрынғы хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы туралы есеп беріп, кездесіп отырған мәселелер мен оларды шешу жолдары жөнінде мәлімет ұсынды. Отырыс қорытындысында қаралған мәселелер бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру жөнінде бірқатар міндеттер айқындалды.
Мұнан өзге Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның да кезекті отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының, аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандармен жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың профилактикасы, мал ұрлығының алдын алу және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарының барысы, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық құндылықтарды нығайту бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Алғашқы мәселе бойынша Сауран аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Данияр Түймебаев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Ғани Әметбеков баяндама жасап, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабарлады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында Данияр Түймебаев және ветеринариялық қызмет өкілдері мал ұрлығының алдын алу шаралары мен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарының жай-күйі туралы баяндады. Баяндамалар барысында мал басын есепке алу және бірдейлендіру жұмыстарын күшейту қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Дауырхан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Отырыс барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары барлық жауапты мекемелердің үйлесімді іс-қимылын талап ететін маңызды бағыт екенін атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
