Сауран ауданының әкімі жеке қабылдауында тұрғындардың өзекті мәселелеріне құлақ түрді

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке қабылдап, аудан тұрғындарын толғандырған бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді тыңдады. Қабылдау барысында жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру саласына жұмысқа орналасу, қызметтік тұрғын үй, ауылдық елді мекендердің жол және жарықтандыру мәселелері, жайылым жерлерді пайдалану, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту және әлеуметтік қолдау шаралары бойынша ұсыныстар мен өтініштер қаралды.

Тұрғын үй мәселесі бойынша өтініш білдірген азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тұрғын үй кезегінің тәртібі түсіндіріліп, тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу мен кезектілікті жүргізу тәртібі түсіндірілді.

Жұмыспен қамту бағытында көтерілген мәселелер бойынша азаматтардың білімі мен мамандығына сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылып, алдағы уақытта пайда болатын вакансиялар жөнінде тиісті мемлекеттік мекемелер арқылы хабарланатыны жеткізілді.

Ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымына қатысты көтерілген мәселелер де назардан тыс қалмады. Электр энергиясымен қамтамасыз ету және көшелерді жарықтандыру бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен жоспарланған жұмыстар жөнінде түсіндірме берілді. Жайылым және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер учаскелерін беру тәртібі түсіндіріліп, алдағы уақытта өткізілетін конкурсқа қатысу мүмкіндігі қарастырылатыны айтылды.

Қабылдау қорытындысы бойынша барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынып, тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді. “Азаматтардың өтініштері заң талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен қаралып, орындалу барысы тұрақты бақылауда болады”, — дейді жауаптылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You