![]()
Сауран ауданы әкімдігінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды.
Мәжілістің алғашқы мәселесі аудан бюджетінің игерілуі және қаржылық тәртіптің сақталуына арналды. Бұл бағыт бойынша Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мырзахметов Ильяс баяндама жасап, бюджет қаражатының игерілу барысы, қаржылық тәртіптің сақталуы және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар жөнінде мәлімет берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыруға арналды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жолдас Мирзабеков аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы баяндап, санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы алдағы міндеттерге тоқталды.
Үшінші мәселе аясында аудандық емхананың басшысы Сапарали Әбдиев ауданның денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалы мен тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі жөнінде есеп берді. Баяндама барысында алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын арттыру, медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және көрсеткіштерді жақсарту бағытындағы жұмыстар таныстырылды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров әр мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріп, бюджет қаражатының тиімді игерілуін, елді мекендердің санитарлық тазалығын тұрақты бақылауда ұстауды және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруды тапсырды. Сонымен қатар, жауапты мекеме басшыларына белгіленген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
