Шымкент қаласының әкімі тұрғын үймен қамту және инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына назар аударды

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында алдымен «Көрме» орталығында 30 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Мегаполис басшысы тұрғындарды өмірлеріндегі маңызды оқиғамен құттықтап, азаматтарды қолжетімді әрі сапалы үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың маңызын атап өтті.

Көпқабатты тұрғын үйлер қаланың қарқынды дамып келе жатқан тұрғын аудандарының бірі – Бозарық шағынауданында орналасқан. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында берілді. Қоныс иелерінің қатарында көп балалы отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ, бюджет саласының қызметкерлері бар. Қала әкімі қоныс иелерін маңызды оқиғамен құттықтап, биыл қалада 7 386 пәтерді пайдалануға беру жоспарланғанын атап өтті.

Бүгінде 2 563 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 1 650 отбасы ипотекалық бағдарламалар арқылы тұрғын үй алған болса, тағы 913 отбасы жалдамалы пәтермен қамтылған. Жыл соңына дейін қалған пәтерлер де кезекте тұрған азаматтар мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының қатысушыларына табысталады. Мұндай бастамаларды жүзеге асыру баспана қолжетімділігін арттыруға, тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға және қалалық жайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып табылады. Аталған іс-шаралар Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар аралау барысында қала әкімі «Food City» көтерме-тарату және логистикалық сауда орталығында болды. Жалпы сауда алаңы 30 мың шаршы метрді құрайтын нысанда 300 сауда орны жұмыс істейді. Жоба аясында шамамен 800 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Сонымен қатар Майлы қожа көшесі мен Сәуле шағынауданындағы Наурызым көшесінде жүргізіліп жатқан жол құрылысы жұмыстары тексерілді. Мердігер ұйымдарға барлық жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.

Қала әкімі №2 балалар саз мектебінің жұмысымен де танысты. Бұған дейін тұрғындармен өткен көшпелі кездесу барысында мектеп аумағына қоршау орнату мәселесі көтерілген болатын. Нысанды зерделеу нәтижесінде қоршау орнатудың орынсыз екені анықталды.

Сондай-ақ Тұран ауданындағы бұрынғы «Қандастарды бейімдеу орталығының» бос тұрған ғимараты қаралды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына ғимараттың техникалық жағдайын анықтау үшін тиісті зерттеу жүргізу тапсырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You