![]()
Шымкент қаласының аудан аумақтарында мал жаю, үй жануарларын асырау кезінде ҚР “Ветеринария туралы” заң талаптарын сақтау туралы халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгін Шымкент қаласының «Ветеринариялық қызмет» МКК мамандары Абай ауданы Игілік тұрғын алабында азаматтармен кездесіп, түсіндіру іс-шараларын атқарды.
Бүгінде қала аумағында жеке тұрғын үй мен өндірістік аймақтар құрылысы ұлғайып келеді. Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілген сәттен бастап, қала аумағында мал жаюға арналған жайылымдық жерлер қарастырылмаған. Осы орайда қала аумағында қараусыз қалған мал иелеріне заңның нормаларын бұзғаны үшін әкімшілік шара қолданылады.
Қазіргі таңда Шымкент қаласының Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, тұлғалардың мал ұстау қағидаларын сақтамағаны үшін биыл 223 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынып, шара көрілген.
Сонымен қатар, іс-шарада қала тұрғындарына жергілікті ветеринариялық дәрігерлер тарапынан жеке және заңды тұлғалар жеке қожалығындағы малды бірдейлендіру (сырғалау), қора-жайды таза ұстау, мал, үй жануарларын қараусыз қалдырмау, сатып алу және сою, тасымалдау кезінде хабарлау туралы міндеттілігі түсіндірілді.
Айта кетейік, малды бірдейлендіру (сырғалау) жұмыстары мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 406-бабына сәйкес, жеке қожалығындағы малды бірдейлендірілмеген жағдайда мал иесін әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.
Шымкенттің урбанизация қарқыны күшейген сайын қала мен ауылға тән шаруашылық жүргізу талаптарының ара-жігін нақты сақтау өзекті бола түсуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заң үстемдігі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – орнықты дамудың басты қағидаты екенін үнемі атап келеді. Ветеринариялық қауіпсіздік те — осы міндеттің маңызды бөлігі. Ресми деректерге сәйкес, елімізде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі кезең-кезеңімен цифрландырылып, эпизоотиялық ахуалды бақылау күшейтілуде. Сондықтан малды уақтылы сырғалау, есепке қою және күтіп-бағу талаптарын сақтау – тек әкімшілік міндет емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қаланың санитарлық мәдениетін қалыптастыратын ортақ жауапкершілік.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
