![]()
Қазіргі таңда “Woosong Universityге” қабылдау науқаны жүріп жатыр. 2025 оқу жылында университетке 107 студент қабылданды. Оның ішінде 100 студент Түркістан облысы әкімдігі бөлген грант негізінде білім алуда.
Бүгінде университетте бакалавриаттың екі заманауи білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда:
– 6В06105 «Жасанды интеллект»;
– 6В06107 «Деректер туралы ғылым».
Аталған бағдарламалар студенттерге қос диплом алу және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін ұсынады. 2+2 қос диплом бағдарламасы бойынша студенттер оқу мерзімінің жартысын Түркістандағы университетте, ал қалған бөлігін Корея Республикасындағы “Woosong University” немесе оның халықаралық серіктес жоғары оқу орындарының бірінде жалғастыра алады. Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектерге екі жоғары оқу орнының дипломы беріледі.
Сонымен қатар жоғары курс студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында “Woosong University” мен оның халықаралық серіктес университеттерінде бір немесе екі семестр білім алып, игерген кредиттерін толықтай есептете алады.
Университеттің оқу үдерісін 13 оқытушы қамтамасыз етеді. Студенттер Кореядағы “Woosong University” электронды кітапханасының ресурстарын пайдалану мүмкіндігіне ие.
Жоғары оқу орнының жобалық қуаты 2000 студентті құрайды. Алғашқы қабылдау кезеңінде 400-ге жуық талапкер құжат тапсырған.
Халықаралық деңгейдегі бұл білім ордасы өңірде цифрлық технологиялар саласындағы білікті кадрларды даярлауға, жастардың сапалы білім алуына және Қазақстанның білім беру жүйесінің жаһандық кеңістікке кірігуіне жаңа мүмкіндіктер ашады.
Халықаралық деңгейдегі білім алып, болашағыңызға жаңа мүмкіндіктер ашқыңыз келсе, құжаттарыңызды тапсыруға асығыңыз.
Қажетті құжаттар:
- Онлайн өтінім (өтінімді қарастыру ақысы – $50);
- Жеке куәлік немесе паспорт көшірмесі;
- Аттестат;
- Мектеп транскрипті;
- ҰБТ сертификаты;
- Ағылшын тілін меңгеру деңгейін растайтын сертификат;
- Ұсыным хат (міндетті емес).
Қабылдау талаптары:
— IELTS 5.0 немесе оған теңестірілген халықаралық сертификат;
— ҰБТ нәтижесі;
— GPA көрсеткіші;
— Қабылдау сұхбаты.
Бағалау критерийлері:
- GPA – 20%;
- ҰБТ нәтижесі – 50%;
- Сұхбат – 30%.
Қабылданатын ағылшын тілі тесттері:
— IELTS, TOEFL iBT, Duolingo English Test, Oxford Test, CEFR, TOEIC, TEPS, PTE Academic.
Арнайы мүмкіндіктер:
- IELTS нәтижесі 5.0-ден төмен болған жағдайда, егер ҰБТ-дағы ағылшын тілі пәнінен көрсеткішіңіз 65%-дан жоғары болса, бұл нәтиже IELTS баламасы ретінде қарастырылуы мүмкін.
- ҰБТ нәтижесі бойынша үздік 15% қатарына енген талапкерлер ағылшын тілінен қосымша емтихан тапсырудан босатылады.
Барлық білім беру бағдарламалары толықтай ағылшын тілінде оқытылады.
“Woosong University” – сапалы халықаралық білім мен жаһандық мүмкіндіктерге бастайтын сенімді жол.
Иә, Қазақстанда жоғары білім беру жүйесін интернационалдандыру және әлемнің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Соңғы жылдары елде Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Қытай және Оңтүстік Кореяның беделді жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, жастарға халықаралық стандарттағы білімді ел ішінде алуға мүмкіндік жасалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың цифрлық трансформациясы үшін жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және деректер ғылымы саласында жоғары білікті мамандар даярлау стратегиялық міндет екенін бірнеше рет атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістандағы халықаралық деңгейдегі “Woosong Kazakhstan Universityдің” ашылуы өңірдің білім беру әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін маңызды жоба саналады. Жасанды интеллект пен “Data Science” бағыттары бойынша ағылшын тілінде білім беру, қос диплом бағдарламасы және халықаралық академиялық ұтқырлық мүмкіндігі қазақстандық жастардың жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, Түркістанды халықаралық білім беру хабына айналдыруға да ықпал етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
