![]()
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында рейтингтік индикаторлық көрсеткіштердің ағымдағы жылдың алғашқы бес айындағы орындалу қорытындылары мен бірінші жартыжылдықтың орындалу болжамы, сондай-ақ тұрғындармен өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Бөлегенов баяндама жасап, экономика, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық қауіпсіздік және цифрлық сервистер салаларындағы негізгі көрсеткіштердің орындалу барысы талқыланды.
Сондай -ақ, әр саладағы өзекті мәселелер сараланып, жауапты бөлімдердің есептері тыңдалды. Әр сала бойынша жоспарлы индикаторлардың орындалуы, жүзеге асырылып жатқан жұмыстар және алдағы кезеңге арналған міндеттер пысықталды.
Мәжіліс барысында қала әкімі жауапты бөлім басшыларына белгіленген көрсеткіштердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету, жоспарлы жұмыстарды мерзімінде аяқтау, салалық көрсеткіштерді тұрақты бақылауда ұстау және тапсырмалардың орындалу тиімділігін арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша халықпен өткізілген кездесулердің қорытындылары қаралды. Қала әкімі тұрғындар көтерген әрбір мәселе толық бақылауда болуы тиіс екенін атап өтіп, тапсырмалардың уақытылы орындалмауы әкімдікке деген қоғамдық сенімге кері әсер ететінін айтты. Осыған байланысты барлық тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етуді және халықпен кездесулер барысында көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы әр 10 күн сайын баяндап отыруды тапсырды.
Мәжіліс соңында Әзімбек Пазылбекұлы жыл басынан бері орындалмай отырған жоспарлы көрсеткіштердің әлі де бар екенін атап өтіп, барлық жауапты басшыларға нәтижеге бағытталған жұмысты күшейтуді, көрсеткіші төмен сала басшыларына қатаң ескерту беруді тапсырды.
Қала әкімінің халықпен кездесулерінде көтерілген мәселелердің орындалу барысы талқыланды
Сонымен қатар бүгін Түркістан қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібековтің төрағалығымен де орындаушылық тәртіптің іске асырылу барысына арналған кезекті мәжіліс өтті.
Жиында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының халықпен кездесулері барысында берілген тапсырмалар мен тұрғындар тарапынан көтерілген өтініштердің орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ азаматтардың өтініштері мен шағымдарын заңнама талаптарына сәйкес уақтылы әрі сапалы қарау және орындаушылық тәртіпті күшейту мәселелеріне басымдық берілді.
Мәжілісте 23–25 маусым аралығында өткен халықпен кездесулер мен азаматтарды жеке қабылдау барысында көтерілген мәселелерге талдау жасалды. Аталған кездесулерде тұрғындар тарапынан барлығы 180 мәселе көтерілгені атап өтілді.
Жиын барысында көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланып, заң талаптарына сәйкес түсіндірілген және орындалуы мүмкін емес мәселелер бойынша берілген жауаптар қаралды. Сонымен қатар, азаматтармен кері байланысты күшейтіп, өтініштердің мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Мәжіліс қорытындысында Қуаныш Нұржанұлы жауапты бөлімдер мен мекемелерге орындаушылық тәртіпті күшейтуді, қала әкімі тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және тұрғындармен тиімді кері байланысты жолға қоюды қатаң тапсырды.
Тұрғындардың өтінішіне дер кезінде жауап беру мен нақты нәтижеге негізделген басқару қағидаты бүгінде мемлекеттік басқару жүйесінің басты өлшемдерінің біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын халықпен тұрақты кері байланыс орнату, әрбір мәселені бюрократиясыз әрі ашық шешу қағидатымен бағалау қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Президенттің тапсырмасымен елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүйелі түрде іске асырылып, мемлекеттік органдардың қызметі нақты индикаторлар мен азаматтардың қанағаттану деңгейі арқылы бағалануда. Осы бағытта Түркістан қаласында рейтингтік көрсеткіштердің орындалуын тұрақты саралау, халықпен кездесулерде көтерілген 180 мәселенің орындалуын жеке бақылауға алу және әр 10 күн сайын мониторинг жүргізу тәжірибесі нәтижеге бағытталған басқарудың нақты көрінісі болып отыр. Бұл тәсіл тек жоспардың орындалуын емес, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдердің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Қарқынды дамып келе жатқан Түркістан үшін мұндай бақылау тетіктері инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру, қоғамдық қызметтердің сапасын арттыру және халық сенімін нығайту ісінде ерекше маңызға ие. Сондықтан әкімдік жұмысының басты өлшемі статистикалық есеп емес, тұрғын көтерген мәселенің нақты шешімін тауып, оның орындалуына дейін жауапкершілікті қамтамасыз ету болып қала береді. Бұл – Президент белгілеген әділетті, ашық әрі тиімді мемлекеттік басқару қағидаттарының жергілікті деңгейде жүйелі жүзеге асып жатқанын көрсететін маңызды үрдіс.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
