![]()
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліповің төрағалығымен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске асырылу барысы, халықтың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің орындалуы қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша Түркістан қалалық емханасының басшысы Бақыт Еркінбекұлы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің орындалу барысы, тұрғындарды сақтандыру жүйесіне тарту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасы жөнінде баяндама жасады.
Сондай-ақ, 2026 жылдың алғашқы алты айындағы иммунопрофилактикалық жұмыстардың нәтижелері талқыланды. Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Нұрдулла Абдуллаұлы эпидемиологиялық ахуал, профилактикалық екпелердің орындалуы және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Отырыс қорытындысында Мадияр Әліпов жауапты мекемелерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарту және иммунопрофилактикалық іс-шараларды белгіленген жоспарға сәйкес сапалы ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Түркістанда есірткі қылмыстарына қарсы күрес шаралары талқыланды
Бұдан бөлек бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыстық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың отырысы да өтті. Жиында өңірдегі есірткі қылмыстарының алдын алу, мемлекеттік шекара арқылы есірткі мен химиялық заттардың заңсыз тасымалына тосқауыл қою, синтетикалық есірткілерге қатысты сот сараптамаларының сапасы мен жеделдігін арттыру мәселелері жан-жақты қаралды. Кеңеске құқық қорғау және арнайы органдардың, облыстық басқармалар мен жауапты мекемелердің басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Мұхтар Дәулетов, Мемлекеттік кірістер департаменті бастығының орынбасары Ерлан Тұрысов және Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Тіленшин баяндама жасады.
Жыл басынан бері мемлекеттік шекара арқылы есірткі тасымалдаудың 30 әрекетінің жолы кесіліп, түрлі есірткі заттары тәркіленген. Сонымен қатар күмән тудыратын көлік құралдары мен жүктерді тереңдетіп тексеру жүйесі жетілдіріліп, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл күшейтілген.
Нашақорлықтың алдын алу бағытында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Биыл өңірде мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және елді мекендерде 93 мыңнан астам тұрғынды қамтыған 883 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, 60 рейд өткізіліп, қоғамдық орындардағы есірткі жарнамасын насихаттайтын 225 граффити өшірілді.
Жиын қорытындысында Нұралхан Көшеров жауапты мемлекеттік органдарға есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуді, цифрлық технологияларды кеңінен пайдалануды, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіруді және жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Түркістанда ұрлық пен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес күшейтілді
Сонымен қатар бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, Ұрлықтарға қарсы іс-қимылдың 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру аясында мүліктік қылмыстардың, оның ішінде пәтер, автокөлік, мал, қалта және ұялы телефон ұрлығының алдын алу жұмыстары сараланды. Сонымен қатар заңсыз ойын бизнесіне, онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы күрес және олардың алдын алу шаралары талқыланды.
Алғашқы мәселелер бойынша Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев баяндама жасады. Мәжілісте өңірдегі жалпы қылмыс деңгейінің төмендегені айтылды. Сондай-ақ ұялы телефон мен мал ұрлығының арту себептері талданып, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Келес және Төлеби аудандарындағы ахуал қаралды.
Облыс әкімі аталған мәселелер бойынша аудан және қала әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының тиімділігін арттыру қажеттігін айтып, жауапты басшылардың пікірлерін тыңдалды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының бастығы Диас Тобатаев баяндама жасап, заңсыз ойын бизнесі, онлайн-казинолар, қаржылық пирамидаларға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Мәжілісте тұрғындар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру, лудоманияның алдын алу, сондай-ақ құмар ойындарға тәуелді азаматтарға қатысты талдау жүргізу мәселелері қозғалып, нақты міндеттер жүктелді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Халық денсаулығын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу – бүгінде мемлекеттік саясаттың өзара сабақтас үш басым бағытына айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның» басты қағидаты – заң үстемдігі, сапалы медицина және қауіпсіз қоғам екенін үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту, вакцинацияны күшейту, сондай-ақ есірткі қылмысына, интернет арқылы таралатын синтетикалық есірткіге, заңсыз ойын бизнесі мен қаржылық пирамидаларға қарсы күрес жаңа деңгейге көтерілді. Түркістан облысында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері өңірде нашақорлықтың алдын алу мақсатында 883 профилактикалық іс-шара өткізіліп, 93 мыңнан астам тұрғын қамтылды, 60 рейд ұйымдастырылып, есірткіні насихаттайтын 225 граффити жойылды. Мемлекеттік шекарада есірткіні заңсыз алып өтудің 30 әрекетінің жолы кесілді. Сонымен қатар қылмыстың жалпы деңгейін төмендету, ұрлыққа қарсы іс-қимылды күшейту, лудомания мен қаржылық алаяқтықтың алдын алу бағытындағы ведомствоаралық жұмыстар да жалғасуда. Ал Түркістан қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігін арттыру, тұрғындарды сақтандыру жүйесіне толық тарту, профилактикалық екпелердің сапасын көтеру және медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсарту мәселелеріне басымдық беріліп отыр. Өйткені қауіпсіз қоғам да, бәсекеге қабілетті мемлекет те ең алдымен дені сау, құқықтық мәдениеті жоғары және заңға құрметпен қарайтын азаматтар арқылы қалыптасады. Сондықтан Түркістанда денсаулық сақтау, құқық қорғау және профилактикалық жұмысты бір арнада ұштастырған кешенді саясат алдағы уақытта да өңірдің тұрақты дамуының маңызды кепілі болып қала бермек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
