Сауран ауданының әкімі азаматтардың мәселелеріне құлақ түрді

Loading

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар көтерген өтініштер мен ұсыныстар қаралып, оларды шешу жолдары талқыланды.

Жеке қабылдауға 9 азамат қатысып, жалпы 13 мәселе көтерілді. Атап айтқанда, тұрғындар жеңілдетілген несие алу, жер қатынастары, электр желілері, табиғи газ және ауыз сумен қамтамасыз ету, көпір құрылысы, спорт нысандарын салу, жұмыспен қамту, азаматтық рәсімдеу және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді.

Әрбір өтінішке қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме берілді. Сонымен қатар, көтерілген мәселелердің мән-жайына қарай жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, оларды заң аясында шешу бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыру міндеттелді.

Аудан әкімі азаматтардың көтерген мәселелері тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың басты міндеті тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қою, оларды жан-жақты зерделеу және заң талаптарына сәйкес нақты шешім қабылдау екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар жұмысының негізгі қағидатына айналды. Президенттің тапсырмасына сәйкес азаматтардың өтініштерін сапалы әрі уақытылы қарау, жергілікті жердегі мәселелерді ашық диалог арқылы шешу және мемлекеттік аппараттың халық алдындағы жауапкершілігін күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соңғы жылдары елімізде жеке қабылдау институты мен азаматтардың өтініштерін қараудың цифрлық тетіктері жетілдіріліп, мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысына ерекше мән берілуде. Осы тұрғыдан алғанда, Сауран ауданында тұрғындарды тұрақты қабылдап, олардың әлеуметтік, инфрақұрылымдық және тұрмыстық мәселелерін тікелей талқылау – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтудың маңызды тетігі. Өйткені әрбір көтерілген мәселенің уақытылы әрі заң аясында шешілуі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен қоғамның билікке деген сенімін арттыра түседі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You