Сауран ауданы: Жаңа Иқанда тамшылатып суару жүйесі арқылы өсірілген алма өнімі жиналып жатыр

Loading

Сауран ауданының Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан шаруашылықта қарқынды алма бауының өнімін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы аумағы 70 гектарды құрайтын алма бағында әр гектарға 2 мың түп алма ағашы отырғызылған.

Бақ толықтай тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл технология суды тиімді пайдалануға, ағаштардың қалыпты өсіп-жетілуіне және мол өнім алуға мүмкіндік береді.

Биыл әр түптен орта есеппен 20 келіге дейін алма жиналады деп күтілуде. Қазіргі таңда 30 гектар алқаптың өнімі толық жиналып болса, алдағы уақытта қалған 40 гектардағы алма өнімін жинау жұмыстары аяқталады.

Сонымен қатар, шаруашылықта алма мен басқа да жеміс-жидектерді ұзақ мерзім сақтауға арналған заманауи қойманың құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан өнімді сапасын жоғалтпай сақтап, ішкі нарықты жыл бойы сапалы жеміспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінде су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мен өнімділігі жоғары интенсивті бау-бақша шаруашылығын дамытуды стратегиялық міндеттердің бірі ретінде айқындап келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес елімізде су ресурстарын тиімді пайдалану және тамшылатып суару жүйесін енгізу қарқыны артып келеді. Бүгінде Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын егіс алқаптарының көлемі 500 мың гектардан асты, ал алдағы жылдары бұл көрсеткішті 1 миллион гектарға жеткізу міндеті қойылған. Түркістан облысы – осы бағыттағы көшбасшы өңірлердің бірі. Мұнда су тапшылығы жағдайында тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары жыл сайын кеңейіп, олардың көлемі 60 мың гектардан асты. Осындай бастамалардың Сауран ауданында да табысты жүзеге асуы – ауыл шаруашылығын жаңа технологиялар негізінде дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Жаңа Иқандағы қарқынды алма бағы мен заманауи қойма құрылысы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, қосылған құнды көбейтуге және аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін күшейтуге жол ашады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You