Түркістан қаласының сәулет және құрылыс саласына қатысты 7000-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді

Loading

Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Мұхит Көшенов 2026 жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Есепті кезеңде мемлекеттік қызметтер бойынша 7000-ға жуық өтінім қабылданып, тұрғындардың өтініштері заң талаптарына сәйкес қаралған. Оның ішінде эскиздік жобаларды келісу, сәулет-жоспарлау тапсырмаларын беру және пайдалануға қабылдау актілерін есепке алу қызметтері көрсетілген.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген Түркістан қаласының Дизайн коды талаптарының сақталуына ерекше мән берілуде. 8 тарау мен 118 тармақтан тұратын құжатта ғимараттардың қасбеті, сыртқы жарнама, көше навигациясы, жарықтандыру, қоршаулар және қалалық кеңістікті абаттандыруға қойылатын бірыңғай талаптар белгіленген.

Бөлім басшысының айтуынша, қала аумағында орнатылатын сыртқы жарнамалар мен жаңадан салынатын барлық құрылыс нысандары Дизайн код талаптарына толық сәйкес болуы тиіс.

Тағы бір атап өтерлігі, жыл басынан бері Түркістан қаласы әкімдігінің Сәулет және қала құрылысы бөлімі жер учаскелеріне қатысты 500-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетіп, АРМ ЕГКН жүйесі арқылы түскен 1725 өтінішті заң талаптарына сәйкес қарады. Сонымен қатар, тұрғындарға бас жоспарға сәйкес жер учаскелерінің функционалдық аймағы мен игерілу перспективалары бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек естеріңізде болса, Түркістан қаласының Шауғар секторында Әзімбек Пазылбекұлының тұрғындармен кездесуінде демалыс саябағын салу туралы ұсыныс көтерілген болатын. Бүгінде тұрғындардың өтініші ескеріліп, аумақта заманауи Абылайхан аллеясы пайдалануға берілді.

Аллея туралы Түркістан қаласы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сұлтан-Мұрат Тұрғанбаев оң бағасын беріп, тұрғындардың игілігі үшін жүзеге асқан бұл жобаға ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалаларды дамытуда ең басты талап – сапалы сәулет, жайлы қоғамдық кеңістік және халыққа қолжетімді мемлекеттік қызмет екенін үнемі айтып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет құрылыс саласын толық цифрландыру, мемлекеттік қызметтерді жеңілдету және елді мекендердің сәулеттік келбетін біріздендіру бағытындағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта қолжетімді болса, қала құрылысы саласында цифрлық платформалар мен геоақпараттық жүйелерді енгізу жұмыстары қарқын алды.

Түркістан қаласында көрсетілген 7000-ға жуық мемлекеттік қызмет, жер қатынастары бойынша қаралған мыңдаған өтініш пен Дизайн код талаптарының сақталуы – осы реформалардың өңірдегі нақты нәтижесі. Ерекше мәртебеге ие Түркістан үшін сәулеттік тұтастық пен тарихи келбетті сақтау – тек қала құрылысының емес, ұлттық мәдени мұраны қорғаудың да маңызды шарты. Ал тұрғындардың ұсынысы негізінде Абылайхан аллеясының бой көтеруі Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде жүзеге асып жатқанын аңғартады. Өйткені заманауи, қауіпсіз әрі сәулеттік талаптарға сай қалыптасқан қала кеңістігі – тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, Түркістанның халықаралық туристік және инвестициялық орталық ретіндегі беделін одан әрі нығайта түседі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You