Кентау қаласында медиа саласының өкілдері марапатталып, креативті индустрияның рөлі айшықталды

Loading

Ақпараттық қоғам жағдайында медиа саласы қоғамдық пікір қалыптастырудың, мәдени құндылықтарды насихаттаудың және өңірдің тыныс-тіршілігін танытудың маңызды құралына айналып отыр. Осы бағытта еңбек етіп жүрген журналистер мен шығармашылық мамандар Кентау қаласында кәсіби мерекеге орай марапатталды.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиында ақпарат саласының дамуына үлес қосып жүрген жергілікті БАҚ өкілдері, әлеуметтік желі белсенділері және баспасөз қызметкерлері құрметке бөленді.

Іс-шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Нұрдәулет Медеуов пен қалалық мәслихат төрағасы Қабылан Елеусізов ақпарат саласы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы маңызды орнына тоқталды.

Жиын барысында сөз алғандар журналистер мен медиа мамандарының елдегі және өңірдегі маңызды жаңалықтарды халыққа жеткізудегі, қоғамдық бастамаларды насихаттаудағы, мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы ашық байланысты қалыптастырудағы еңбегін атап өтті.

Бүгінде медиа саласы тек ақпарат таратумен шектелмей, шығармашылық ойлау мен заманауи технологияларды ұштастыратын креативті индустрияның маңызды бағытына айналып келеді. Журналистика, фото-видео өндірісі, цифрлық контент жасау және әлеуметтік желідегі шығармашылық жобалар – жаңа экономикалық әрі мәдени мүмкіндіктер қалыптастыратын заманауи салалардың бірі.

Салтанатты шара барысында қала әкімі Жандос Тасовтың және қалалық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен бірқатар БАҚ өкілдері, әлеуметтік желі белсенділері мен баспасөз қызметкерлері марапатталды.

Марапат иелері өз кезегінде ақпарат кеңістігін дамыту, қала өмірін насихаттау және тұрғындарға сапалы ақпарат ұсыну бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра беретінін жеткізді.

Кентауда медиа саласының өкілдерін қолдау – шығармашылық әлеуетті арттыруға, өңірдің ақпараттық кеңістігін дамытуға және креативті индустрия бағытындағы жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You