![]()
Кентау қаласында цифрлық технологиялар мен заманауи медиа бағыттарын қамтыған «DIGITAL KENTAU–2026» республикалық форумы аясында мәдени-креативті іс-шаралар ұйымдастырылды. Басқосу барысында заманауи контент өндірісі мен шығармашылық бағыттардың дамуына қатысты бастамалар назарға алынды.
Форумның жалғасы Ынтымақ алаңында өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мәдени бағдарлама ұсынылды. Іс-шара барысында заманауи медианың мүмкіндіктері, жаңа форматтағы контент әзірлеу және шығармашылық бағыттарды дамыту мәселелері қозғалды.
Шараның маңызды бөлігінің бірі – мобилографтар арасында өткен байқау. Байқау қорытындысында үздік деп танылған қатысушылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Бұл жас шығармашылық өкілдерінің заманауи цифрлық құралдарды пайдаланып, жаңа форматтағы контент жасауына мүмкіндік беретін креативті бағыттардың бірі ретінде ерекшеленді.
– Бүгін Кентау үшін ерекше күн. Қаламызда цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, заманауи медиа және инновациялық шешімдер талқыланған ауқымды форум өтті. Бұл – Кентаудың өндірісті қала ғана емес, сонымен бірге жаңа технологиялар мен жаңа мүмкіндіктерге ұмтылған заманауи қала екенін көрсететін маңызды басқосу. Бүгінде жасанды интеллект пен цифрландыру – уақыт талабы. Бұл бағыттар мемлекеттік басқарудан бастап білімге, экономикаға, мәдениетке және күнделікті өмірімізге дейін үлкен өзгерістер әкелуде. Ал осы өзгерістердің басты қозғаушы күші – білімді, ізденімпаз, жаңашыл жастар. Сондықтан Кентаудың келешегін біз ең алдымен жас ұрпақтың білімімен, білігімен және жаңа идеяларымен байланыстырамыз, – деді қала әкімі Жандос Тасов.
Кештің мәдени бағдарламасында отандық өнер өкілдері Qarakesek пен Еркін Мәулен өнер көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Осылайша Кентауда заманауи медиа, шығармашылық контент және өнерді ұштастырған іс-шара өтіп, жастардың жаңа форматтағы шығармашылыққа қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
