Кентауда тігін өндірісіне халықаралық тәжірибе енгізілуде

Loading

Кентау қаласына қарасты Қарнақ елді мекеніндегі тігін өндірісіне халықаралық тәжірибе енгізу бағытында жұмыс жүргізілуде. «Medical Style» ЖШС-нің тігін цехына Германиядан келген тәжірибелі сарапшы Валбурга Гусманн арнайы барып, кәсіпорын мамандарымен тәжірибе алмасты.

Кездесу «Аға сеньорлар» (Senior Expert Service) бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Сапар барысында тігін өндірісін тиімді ұйымдастыру, жұмыс үдерістерін жетілдіру, өнім сапасын арттыру және кәсіпті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Шетелдік сарапшының көпжылдық кәсіби тәжірибесі жергілікті кәсіпкерге өндіріс үдерісін жетілдіруге, жаңа идеялар мен тиімді тәсілдерді қарастыруға мүмкіндік берді. Мұндай тәжірибе алмасу тігін өндірісінің сапалық деңгейін арттырып, шығармашылық және өндірістік әлеуетті дамытуға жол ашады.

Іс-шараны ұйымдастыру және кәсіпкерге қажетті сүйемелдеу жұмыстары «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жобаларды сүйемелдеу бағыты аясында жүзеге асырылды.

Тігін өндірісі – шығармашылық идеяны нақты өнімге айналдыратын салалардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, халықаралық тәжірибені жергілікті кәсіпке енгізу Кентаудағы креативті өндірістің жаңа мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ете алады.

Айта кетейік, «Аға сеньорлар» бағдарламасы аясында биыл Түркістан облысына түрлі сала бойынша 10-нан астам шетелдік сарапшы келіп, жергілікті кәсіпкерлерге өз тәжірибелерімен бөліскен.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You