Кентаудағы үздік ауыл мектебі – зияткер ұрпақ пен шығармашыл әлеуетті дамытудың жарқын үлгісі

Loading

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы Махмұд Қашғари атындағы мектеп-лицейінің республикалық рейтингте «Ең үздік ауыл мектебі» атануы – өңірдегі білім беру сапасының жоғары деңгейін ғана емес, шығармашыл әрі зияткер ұрпақты қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді. Дарынды жастарды қолдау – елімізде адами капиталды және креативті ойлау мәдениетін дамытудың маңызды алғышарттарының бірі.

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған 2025–2026 оқу жылына арналған ауыл мектептері оқушыларының республикалық олимпиадасының қорытынды рейтингі бойынша республика көлемінде 125 мыңнан астам оқушы бақ сынады. Төрт кезеңнен тұрған білім додасының қорытындысында Махмұд Қашғари атындағы мектеп-лицейі ең жоғары ұпай жинап, еліміз бойынша І орынға ие болды.

Бұл жетістік – мектеп ұжымының кәсіби еңбегінің, мұғалімдердің ізденімпаздығының және оқушылардың білімге деген құштарлығының жемісі. Заманауи қоғамда білім мен шығармашылық қабілет бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан дарынды оқушыларды қолдау, олардың зерттеушілік және сыни ойлау дағдыларын дамыту – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңызды құрамдас бөлігі.

Республикалық олимпиада ауыл мектептеріндегі талантты оқушыларды анықтап, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға, білім сапасын арттыруға және ғылыми ізденіске қызығушылығын күшейтуге бағытталған маңызды білім жобаларының бірі болып саналады. Осындай бастамалар жас буынның қабілетін ашып, болашақта ғылым, технология, шығармашылық және креативті индустрия салаларында табысқа жетуіне берік негіз қалайды.

Махмұд Қашғари атындағы мектеп-лицейінің жоғары нәтижесі Кентау қаласының білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың тиімділігін көрсетеді. Дарынды жастарды қолдау, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту – өңірдің адами капиталын нығайтып қана қоймай, болашақта креативті экономика мен инновациялық бастамалардың дамуына серпін беретін маңызды инвестиция болып саналады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You