![]()
Еңбекке қабілетті халықты тұрақты жұмыспен қамту, жастардың кәсіби әлеуетін дамыту және олардың еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасау – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәртебесін көтеру, жастарды жұмыспен қамтуды кеңейту және сұранысқа ие кадрлар даярлау мәселесін стратегиялық міндеттердің қатарына енгізді. Бұл бағыттағы жұмыстар «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасы» аясында өңірлерде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Отырар ауданында да жұмыспен қамту саясаты нақты нәтижелерге бағытталып отыр. Аудандық Мансап орталығы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 2026 жылы аудан бойынша 2748 азаматты белсенді жұмыспен қамту шараларына қатыстыруды жоспарлаған. Оның ішінде жыл соңына дейін 1746 тұрақты жұмыс орнын және 494 субсидияланатын жұмыс орнын құру көзделген.
Бүгінгі күнге дейін жоспарлы жұмыстардың бірқатары орындалып, 1113 азамат жұмыспен қамту шараларына жолданды. Соның ішінде 520 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 94 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Бұл көрсеткіштер аудандағы еңбек нарығының жанданып келе жатқанын және мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесін аңғартады.
Жұмыспен қамтудың белсенді шараларының ішінде жастарды қолдауға ерекше басымдық берілген. Осы мақсатта аудандық Мансап орталығы 2026 жылға арналған «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысуға шақыру жұмыстарын жүргізуде. Бағдарлама жоғары және арнаулы орта оқу орындарының түлектеріне өз мамандығы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде көптеген жас мамандар үшін басты мәселе – еңбек тәжірибесінің жоқтығы. Жұмыс берушілер тәжірибелі кадрларға басымдық бергенімен, жастарға алғашқы қадам жасау оңайға соқпайды. Осындай жағдайда «Жастар практикасы» бағдарламасы білім мен еңбек нарығының арасындағы маңызды байланысты қамтамасыз етеді.
Бағдарламаға жасы 35-тен аспаған, жоғары немесе арнаулы орта білімі бар, оқу орнын тәмамдағанына 5 жылдан аспаған және мамандығы бойынша еңбек өтілі жоқ жастар қатыса алады. Қатысушылар мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек етіп, кәсіби тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар бағдарлама аясында оларға ай сайын еңбекақы төленеді және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі.
Жастар практикасының негізгі ерекшелігі – жас маман теориялық білімін нақты өндірістік немесе қызмет көрсету ортасында тәжірибемен ұштастырады. Олар ұжыммен жұмыс істеуді, кәсіби жауапкершілікті, құжат жүргізу тәртібін меңгеріп, өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтайды. Нәтижесінде еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігі артып, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі едәуір жоғарылайды.
Отырар ауданында жұмыспен қамту тек жастар практикасымен шектелмейді. Аудандық Мансап орталығы әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, кәсіптік оқыту, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, жастарды кәсіпкерлікке баулу және мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін қамтамасыз етуге және халықтың табысын арттыруға ықпал етеді.
Бүгінгі таңда аудан экономикасының дамуы жаңа өндірістердің ашылуымен, инвестициялық жобалардың жүзеге асуымен және шағын кәсіпкерліктің өркендеуімен қатар жүруде. Мұның барлығы жаңа жұмыс орындарының құрылуына, халықтың тұрақты табыс табуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына мүмкіндік беріп отыр.
Жастар практикасы – еңбек жолының алғашқы баспалдағы ғана емес, білікті маман қалыптастырудың тиімді құралы. Сондықтан мемлекет ұсынып отырған бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану әрбір жас үшін маңызды. Ал аудандық Мансап орталығының жүйелі жұмысы Отырарда жұмыспен қамту саясатының нәтижелі жүзеге асып жатқанын және жастардың болашағына бағытталған нақты қолдау тетіктері қалыптасқанын көрсетеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
