![]()
Отырар ауданында халықты нәтижелі жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және тұрғындардың тұрақты табысын арттыру бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары жүйелі жалғасуда. Бұл ретте аудан тұрғындарына мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңінен насихаттау және оларды кәсіпкерлікке тарту ісінде Түркістан облысының Еңбек мобильділігі орталығы мен Отырар аудандық Мансап орталығы белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Мемлекет әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілін қалыптастырып отыр. Басты мақсат – азаматтарды тек жәрдемақымен қамтамасыз ету емес, олардың өз кәсібін ашуына, еңбек етуіне және тұрақты табыс көзін қалыптастыруына мүмкіндік жасау. Бұл бағыт «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасының» негізгі басымдықтарының бірі саналады.
Осы мақсатта жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру жалғасуда. 2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында “Business.enbek.kz” электрондық порталы арқылы грант алуға өтінімдер қабылданады. Мемлекеттік гранттың көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті, яғни 1 730 000 теңгені құрайды. Бұл қаражат өндіріс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, қолөнер және басқа да кәсіпкерлік бағыттардағы жобаларды іске асыруға қайтарымсыз негізде беріледі.
Биыл 13 маусымнан бастап грант беру қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді бағдарламаға мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Егер азамат бұрын жеке кәсіпкерлігін жапқан болса, оның жабылғанына кемінде алты ай өтуі қажет. Сонымен қатар соңғы бір жыл ішінде өз еркімен жұмыстан шыққан азаматтарға да конкурсқа қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Жаңа талаптарға сәйкес банкрот мәртебесі бар тұлғалар бағдарламаға қатыса алмайды. Ал грант қаражаты тек жеке кәсіпкердің есепшоты арқылы жұмсалады. Сондай-ақ жобаның жүзеге асырылуына қатысты есеп беру мерзімі екі жылға дейін ұзартылып, грант иегеріне қаражат алғаннан кейін 18 ай ішінде кемінде бір жаңа жұмыс орнын ашу міндеті жүктеледі. Бұл өзгерістер мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырып, бөлінген қаржының нақты нәтижеге жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Грантқа жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар мен мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Бағдарлама әлеуметтік осал топтарға басымдық береді. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдар, қандастар, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған азаматтар және асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар конкурсқа қатысуға құқылы.
Конкурсқа қатысудың тағы бір маңызды талабы – соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту сертификатының болуы. Бұл талап болашақ кәсіпкерлердің бизнес жүргізу дағдыларын қалыптастыруға және жобалардың өміршеңдігін арттыруға бағытталған.
Отырар аудандық Мансап орталығы мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Орталық мамандары тұрғындарға грантқа қатысу талаптары, қажетті құжаттар, бизнес-жоспар әзірлеу тәртібі және өтінімді электрондық форматта беру жолдары бойынша кеңес береді. Сонымен қатар азаматтарға грантқа өтінім берудің тек “Business.enbek.kz” ресми порталы арқылы жүзеге асырылатыны түсіндіріліп, интернет-алаяқтардың арбауына түспеу жөнінде ескертулер жасалуда.
Отырар ауданы үшін мұндай мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, шағын өндіріс, қолөнер және отбасылық кәсіпкерлік салаларында жаңа жобалардың көбеюі аудан экономикасының дамуына оң ықпал етеді. Ең бастысы – мемлекеттік гранттар жаңа кәсіптің басталуына ғана емес, қосымша жұмыс орындарының ашылуына, халықтың табысының артуына және ауыл тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруына нақты мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған осындай мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану – еңбек арқылы табыс табуға ұмтылған әрбір азамат үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан Отырар ауданында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары тұрғындардың мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуына, жаңа кәсіп бастауына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосуына негіз болып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
