Түркістан облысы: Жаңа оқу жылына дайындық аясында оқулықтар сатып алуға облыстық бюджеттен 7,1 миллиард теңге бөлінді

Loading

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде 2026-2027 жаңа оқу жылына дайындық мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне білім беру ұйымдарының толық дайындығын қамтамасыз етіп, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновтың айтуынша, биыл 1106 мектепте 554 776 оқушы білім алып, 67 636 педагог еңбек етті. Пайдалануға берілген 29 «Келешек мектебінің» толымдылығы 95 пайызға жетіп, жаңа білім ошақтарына 1 581 педагог пен 801 техникалық қызметкер жұмысқа қабылданған. Жаңа оқу жылында өңірдегі мектептерде 568 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 50 273 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Қазіргі таңда 1-сыныпқа қабылдау жалғасып жатыр және құжаттар “OQU” ұлттық білім беру платформасы арқылы қабылдануда.

Білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар нәтижесін беруде. 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы білім сапасының көрсеткіші 60 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға өсті. Ұлттық бірыңғай тестілеуде өңірдің орташа көрсеткіші 62,4 балды құрап, республикалық орташа деңгейден жоғары болды. Жаңа оқу жылына дайындық аясында оқулықтар сатып алуға облыстық бюджеттен 7,1 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы 60 298 оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдық алуға қаржы қарастырылған.

Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да назарда тұр. Білім беру ұйымдарын жылу маусымына дайындау, көмір мен сұйық отын қорын қалыптастыру, сондай-ақ 110 білім нысанын табиғи газға көшіру жоспарланған. Бұл жоба нәтижесінде жыл сайын шамамен 180 миллион теңге бюджет қаражатын үнемдеу көзделіп отыр.

Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға жаңа оқу жылының басталуына дейін барлық білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, жөндеуден өткізу, білім саласында жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану және мектептердің оқулықпен қамтылуын, әлеуметтік қолдау шараларын толық аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге ұстаздардың біліктілігін көтеру, балабақшалардың жұмысын жүйелеу бағытында да тиісті тапсырмалар берілді.

Мұнан өзге Түркістан облысындағы денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, оларды шешу жолдары және атқарылған жұмыстар да облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды.

Жиында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев салада атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндап, вакцинация мәселесіне тоқталды. Өңірде вакцинация жұмыстары жоспарлы және жедел екпе түрлері бойынша жүргізіледі. Жоспарлы екпелер 11 инфекциялық аурудың алдын алуға бағытталған. Атап айтқанда, туберкулез, «А» және «В» вирусты гепатиттері, гемофильді инфекция, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, полиомиелит және адам папилломасы вирусына қарсы егіледі. Барлық екпе тұрғындарға тіркелген емханаларында тегін жүргізіледі.

Облыста дағдарыс санатындағы және МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған тұрғынарды тегін медициналық көмекпен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Оларға медициналық көмектің қолжетімділігін түсіндіру жұмыстары тұрақты бақылауда. Осы мақсатта арнайы жұмысшы топ құрылды. Нәтижесінде маусым-шілде айларында медициналық ұйымға көмек алу мақсатында мемлекеттік ұйымдарға 28 719 азамат, ал жекеменшік ұйымдарға 6 086 азамат жүгінді. Яғни жыл басынан бері өңір көлемінде 58 244 азамат медициналық ұйымдардың қызметіне жүгінген.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров медицина саласына бөлінген қаржыны талан-таражға салмай, өз мақсатында жұмсау, сол арқылы тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек ұсыну, саладағы кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы жұмыстар қатаң бақылауда болатыны да айтылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You