Түркістан облысында энзоотиялық іс-шараларға 1538 ветеринария қызметкері жұмылдырылған

Loading

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі энзоотиялық іс-шаралардың орындалу барысы қаралды. Жиында облыс әкімі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аурулардың алдын алу жұмыстарын күшейту, залалсыздандыру шараларын сапалы әрі уақтылы жүргізу, сондай-ақ қаңғыбас жануарларды ұстау жұмыстарын жүйелеу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібековтің баяндауынша, биыл энзоотиялық іс-шараларды жүргізуге облыстық бюджеттен 553,7 миллион теңге бөлініп, күзгі кезеңге қажетті ветеринариялық препараттар аудан-қалаларға толық жеткізілген.

Энзоотиялық іс-шараларға 1538 ветеринария қызметкері жұмылдырылып, арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Облыстағы эпизоотиялық ахуал тұрақты. Жоспарға сәйкес бүгінгі күнге дейін ірі қара малға 1 миллион 89,3 мың доза, ал ұсақ малға 4 миллион 866,9 мың доза аусылға қарсы вакцина егілді. Оның ішінде шекаралас аумақтардағы малдарға 75 200 доза SAT-1 типіне қарсы вакцина салынған.

Өңірде көктемгі залалсыздандыру жұмыстары толық аяқталып, күзгі кезең белгіленген мерзімнен бұрын басталды. Қазіргі таңда ірі қараны бүрку, ұсақ малды тоғыту және қора-жайларды залалсыздандыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Жиында қаңғыбас жануарлар мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне қаңғыбас жануарларды ұстау жұмыстарын күшейтіп, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы іс-шараларды тұрақты бақылауды тапсырды.

Бұдан бөлек Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының өңірдегі орындалу барысы да қаралды. Мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, аудан-қалалардағы көрсеткіштер мен өзекті мәселелерге тоқталды.

Облыста қоғамдық орындарда тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында бақылау жұмыстары күшейтілген. Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы бойынша 4719 әкімшілік хаттама толтырылып, 135,4 миллион теңге айыппұл салынған. Оның 87,9 миллион теңгесі өндірілген. Ал Кодекстің 505-бабы бойынша 4 941 хаттама рәсімделіп, 31,5 миллион теңге айыппұл салынып, 22 миллион теңгесі өндірілген. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» Telegram чат-боты арқылы тұрғындардан 1323 өтініш келіп түскен.

Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан да қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 2794 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 2 465-і ескерту түрінде рәсімделген.

Жиында бей-берекет қоқыс орындарын жою мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Ғарыш Сапары» анықтаған 250 қоқыс орнының бүгінгі күнге дейін 33-і толық тазартылмаған. Жауапты әкімдіктерге бұл кемшіліктерді толық жою міндеті жүктелді.

Маусым мен шілде айларында жүргізілген мониторинг барысында облыс аумағында 399 кемшілік анықталған. Оның 349-ы бейберекет қоқыс орындары болса, 50-і саябақтар, скверлер мен аллеялардың күтіміне қатысты болған. Берілген тапсырмалар нәтижесінде барлық анықталған кемшіліктер толықтай жойылғаны баяндалды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдеріне «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуын күшейтуді, елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды, анықталған кемшіліктерді уақтылы жоюды тапсырды. Сондай-ақ халықпен кері байланысты нығайтып, тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You