![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков аралау барысында қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысымен танысты. Көлік қатынасының қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды нысандағы құрылыс жұмыстарын тексерді.
Нақтырақ айтсақ, Қаратау ауданында Алтынсарин көшесін қайта жаңғырту жұмысы жалғасуда. Жоба құрылысы аяқталғаннан кейін тұрғындар заманауи магистральді жолды пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Бұл көлік қозғалысының жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, аталған учаскенің өткізу қабілетін арттырады.
Сонымен қатар шаһар басшысы Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы Шоқпартас және Садовая көшелерінде жүргізіліп жатқан жол құрылысын аралады. Мердігер ұйымның назарын құрылыс технологияларын қатаң сақтауға және жұмыстың әр кезеңіне жауапкершілікпен қарауға аударды.
Әрі қарай Тұран ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынып жатқан балалар және спорт алаңдарының құрылысымен танысты. Жалпы аумағы шамамен 800 шаршы метрді құрайтын нысанда воркаут алаңдары, ойын кешендері, әткеншектер және өзге де абаттандыру элементтері орнатылады. Жоба аяқталғаннан кейін балалар мен ересектердің демалуына және спортпен айналысуына арналған заманауи қоғамдық кеңістік қалыптасады. Бұл аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп, қалалық ортаның жайлылығын арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ әкім А-2 айналма автожолын қайта жаңғыртудың V кезеңі жүзеге асырылып жатқан аумақта болды. Мұнда жолдың жүру бөлігін кеңейту және жол жабынын төсеу жұмысы жүргізілуде. Ғабит Сыздықбеков мердігер мекемеге құрылыс қарқынын күшейтіп, бекітілген жұмыс кестесінен кешігуге жол бермеуді тапсырды.
Бұдан бөлек Оңтүстік тұрғын алабында жүргізіліп жатқан ауыз су жүйесінің құрылысын тексерді. Жоба аясында мыңға жуық абонент орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, ауданның коммуналдық инфрақұрылымы жақсарады.
Шаһар басшысы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына жобаның іске асырылуын бақылауды күшейтіп, құрылыс жұмысын жеделдетуді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
