Шымкент шаһарында ветеринариялық қызметкерлер күні салтанатты жағдайда атап өтілді

Loading

Шымкент қаласында Ветеринариялық қызметкерлер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға ветеринария саласының ардагерлері, қалалық және аудандық ветеринариялық қызмет мамандары, зертхана қызметкерлері, ғылыми орта өкілдері мен мекеме басшылары қатысты.

Сала жетекшілері жиналған қауымды кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы ветеринария қызметінің стратегиялық маңызына тоқталды. Жиында мегаполистің эпизоотиялық тұрақтылығын, тағам қауіпсіздігін және ең бастысы – халық денсаулығын қамтамасыз етуде күнделікті аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі ерекше атап өтілді.

Шымкентте ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қала аумағындағы ауыл шаруашылығы жануарларына 1,2 млн-нан астам вакцинация жасалып, диагностикалық және санитариялық-профилактикалық шаралар атқарылды. Бұл жұмыстар мегаполистегі эпизоотиялық ахуалды тұрақты сақтауға мүмкіндік берді. Қаланың 2026–2028 жылдарға арналған бюджетінде де ветеринария бағытына басымдық беріліп, эпизоотияға қарсы іс-шараларға 369,7 млн теңге, энзоотиялық аурулардың алдын алуға 71,1 млн теңге, ал ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жұмыстарына 5,1 млн теңге қарастырылған.

Бұл бағыттағы жұмыстар республикалық деңгейдегі ветеринариялық саясатпен сабақтасып отыр. 2025 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарларының аурушаңдығы өткен жылдардың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68,1 пайызға төмендеген. Ал 2026 жылы елімізде аса қауіпті 12 аурудың алдын алу үшін 11,9 млн-нан астам жануарды вакцинациялау және 2,4 млн-нан астам қан сынамасын зерттеу жоспарланған. Сонымен қатар, 2026 жылғы 22 мамырда Қазақстан Орталық және Шығыс Азия елдері арасында аусыл ауруынан таза ел мәртебесін алған жалғыз мемлекет ретінде халықаралық деңгейде танылды. Бұл көрсеткіш ветеринариялық қызметтің елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халық денсаулығын қорғаудағы стратегиялық рөлін айқын көрсетеді.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының ветеринария саласын өркендетуге елеулі үлес қосқан, өз ісіне адалдық танытып, жоғары кәсібилік көрсеткен сала үздіктері мен көп жылдық тәжірибесі бар ардагерлер марапатталды. Қызметкерлерге қала әкімінің Алғыс хаттары және арнайы төсбелгілер табыс етілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You