![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында «Көрме» орталығында 30 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Баспаналар «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға берілді. Көп қабатты үйлер Бозарық шағынауданында орналасқан.
Қала әкімі жаңа қоныс иелерін қоныс тойымен құттықтап, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына төлем қабілеттілігін растаған азаматтар қатысты. Пәтер иелерінің қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ, бюджет саласының қызметкерлері бар.
Айта кету керек, бұл — осы отбасылар үшін көптен күткен қуанышты сәт әрі тұрмыс жағдайын жақсартуға жасалған маңызды қадам.
Сонымен қатар Қаратау ауданындағы Ақсүмбе көшесін ұзарту және Алтынсарин көшесін қайта жаңғырту жұмыстарының барысы тексерілді. Аталған жобалар көлік қатынасының қолжетімділігін арттырып, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Қала әкімі әуежайдағы екінші ұшу-қону жолағының құрылысымен де танысты. Бұл жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бастамалардың бірі саналады. Жоба іске асырылғаннан кейін Шымкент әуежайын халықаралық деңгейдегі заманауи мультимодальды хаб ретінде дамытуға мүмкіндік туады.
Бұдан бөлек «Газ жабдықтары зауыты» ЖШС-нің өндірістік қызметі мен даму жоспарлары зерделенді. Кәсіпорын газ жабдықтарын өндіруге маманданған және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосып келеді.
Аралау барысында Назарбеков көшесінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынып жатқан қоғамдық кеңістіктің құрылысы да тексерілді. Жоба бойынша 900 шаршы метр аумақта балалар ойын және спорт алаңдары салынады. Құрылыс аяқталғаннан кейін тұрғындар үшін заманауи әрі жайлы демалыс және спортпен шұғылдану орны пайдалануға беріледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында Шымкентте тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған баспана, жол, әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде нақты жобалармен жалғасуда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
