Шымкент қаласының әкімі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардағы жұмыстардың барысын тексерді

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында 30 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Баспаналар «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға берілді.

Көп қабатты үйлер Бозарық шағынауданында орналасқан. Олар қолданыстағы құрылыс талаптарына толық сәйкес келеді және барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Қала әкімі жаңа қоныс иелерін құттықтап, тұрғын үйлерге кепілдік қызмет көрсету тәртібін түсіндірді. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ бюджет саласының қызметкерлері бар. Пәтер иелері төлем қабілеттілігін растаған азаматтар қатарынан анықталды. Айта кету керек, жаңа баспанаға қол жеткізген бұл отбасылар үшін бұл баспаналар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысудың көптен күткен нәтижесіне айналды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті кешенінің құрылыс барысы тексерілді. Аталған жоба қызметкерлердің кәсіби даярлығын жетілдіруге және олардың қызметтік міндеттерін тиімді атқаруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Қала әкімі Ақжайық шағынауданында салынып жатқан 200 орындық №2 перинаталдық орталықтың құрылысымен де танысты. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қала тұрғындарына көрсетілетін акушерлік және неонаталдық көмектің қолжетімділігі артады. Жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын халықаралық сапа стандарттарына сәйкес және белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.

Аралау барысында бұрынғы Президент резиденциясының аумағында орналасқан дарынды балаларға арналған оқу-сауықтыру лагерінің жұмысымен де танысты. Лагерьде қалалық және республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары және жүлдегерлеріне арналған 12 күндік ауысымдар ұйымдастырылып, олардың сапалы демалуына, білімін жетілдіруіне және жан-жақты дамуына жағдай жасалған.

Шаһар басшысы Білім басқармасына балалардың лагерьде болу жағдайын одан әрі жақсарту және білім беру бағдарламаларының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You