![]()
Қоғамның әлеуметтік әл-ауқатын бағалауда тек экономикалық көрсеткіштерге қарау жеткіліксіз. Адамдардың қаншалықты ұзақ өмір сүретінімен қатар, сол өмір жылдарының сапасы да маңызды. Әсіресе, егде жастағы азаматтардың денсаулығы, қоғамдық ортаға араласуы және белсенді өмір салтын жалғастыруы – әлеуметтік саясаттың тиімділігін көрсететін маңызды өлшемдердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте іске асырылып жатқан «Белсенді ұзақ өмір орталығы» жобасының маңызы артып келеді.
Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ-нің бүгінде төрт бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнда күн сайын 800-ге жуық зейнеткер түрлі қызмет түрлерімен қамтылады. Бұл цифрдың өзі орталыққа деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Яғни егде жастағы азаматтар үшін әлеуметтік қолдау тек материалдық көмекпен шектелмей, денсаулықты сақтау, қарым-қатынас орнату және белсенді өмір сүру мүмкіндігімен толықтырылуы қажет.
Орталықтың жұмыс тәсілінің ерекшелігі де — осында. Мұнда зейнеткерлердің бос уақытын ұйымдастырумен қатар, денсаулық жағдайын бақылау мен дене белсенділігін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіледі. Қызмет алушылар спорттық жаттығуларға, биге, музыкаға, еңбек терапиясына, йогаға және тіл үйрену сабақтарына қатыса алады. Фито шайлар да ұсынылады. Бір қарағанда, мұның бәрі демалыс пен уақыт өткізудің қарапайым түрлері болып көрінуі мүмкін. Алайда егде жастағы адамдардың әлеуметтік белсенділігін сақтау тұрғысынан олардың әрқайсысының өзіндік мәні бар.
Орталыққа келген әрбір азамат алдымен медициналық тексеруден өтеді. Мамандар қан қысымы мен дене қызуын өлшеп, жалпы жағдайын бақылайды. Осыдан кейін зейнеткердің денсаулық ерекшеліктері мен қажеттілігіне қарай тиісті бағыттағы сабақтарға қатысуына мүмкіндік беріледі. Мұндай тәсіл «бәріне бірдей» қағидатынан гөрі жеке қажеттілікке негізделген әлеуметтік қызмет көрсету моделіне жақын.
Жұмыстың нәтижесін нақты көрсеткіштерден де байқауға болады. Мысалы, созылмалы бронхиті бар қызмет алушылардың 57,8 пайызында денсаулық жағдайының жақсаруы тіркелген. Артериялық гипертония бойынша оң динамика 35 пайызды, артрит бойынша 35,7 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштер орталықтағы тұрақты қозғалыс пен медициналық бақылаудың егде жастағы азаматтардың жалпы жағдайына ықпал ететінін аңғартады.
Ең назар аударарлық өзгерістің бірі – артық салмақ мәселесі бойынша байқалған нәтиже. 2025 жылы оң динамика 31 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 51 пайызға жеткен. Яғни бір жыл ішінде нәтиже 20 пайыздық пунктке өскен. Мұндай өзгеріс дене шынықтыру, йога, бассейн және дұрыс тамақтану бағыттарының бір-бірін толықтыратын кешен ретінде жүргізілуінің маңызын көрсетеді.
Алайда жобаның мәнін тек медициналық көрсеткіштермен шектеуге болмайды. Егде жастағы адамның денсаулығын сақтау – оның қоғамдағы белсенділігін сақтаудың алғышарты. Зейнеткерлік жас қоғамдық өмірден шет қалудың синонимі болмауы тиіс. Керісінше, адам денсаулығына көңіл бөліп, жаңа дағдыларды меңгеріп, замандастарымен араласып, өз тәжірибесі мен білімін ортаға сала алса, бұл оның өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Шымкенттегі «Белсенді ұзақ өмір орталығы» зейнеткерлердің уақытын тиімді өткізетін мекемеден әлеуметтік белсенділікті қолдайтын маңызды ортаға айналып отыр. Мұнда денсаулық, қозғалыс, қарым-қатынас және өзін-өзі дамыту бағыттары бір жүйеге біріктірілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
