![]()
Шымкент қаласында қалалық мәслихаттың кезектен тыс XXXVII сессиясы өтті. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, басқарма басшылары, құқық қорғау органдары мен мекеме өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия барысында қаланың өкілді органының жұмысына қатысты бірқатар ұйымдастырушылық және кадрлық мәселе қаралды. Атап айтқанда, кадрлық өзгерістерге байланысты қала әкімдігі жанындағы Терроризмге қарсы комиссияның жаңартылған құрамы бекітілді.
Сондай-ақ өз өтініші негізінде Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Баһадүр Нарымбетов «ӘDІЛЕТ» партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайына кандидат ретінде тіркелуіне байланысты төрағалық қызметінен босатылды.
Сессияда депутаттық өкілеттіктерге қатысты да шешімдер қабылданды. Өзі сайланған саяси партиялардың қатарынан шығуына байланысты депутаттық өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған А.Найымбекова мен Б.Әшірбаев мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамынан шығарылды.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті дамыту және цифрландыру жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып М.Қонақбаев сайланды.
Сессиядағы негізгі ұйымдастырушылық мәселелердің бірі – қалалық мәслихаттың жаңа төрағасын сайлау болды. Ашық дауыс беру қорытындысымен бұл қызметке Мұрат Жолдықожаев сайланды. Депутаттар жаңа төрағаның басшылығымен мәслихат жұмысының сабақтастығы сақталып, өкілді және атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимыл одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Мәслихат – қала тұрғындарының мүддесін білдіретін маңызды өкілді орган. Сондықтан оның жұмысындағы ұйымдастырушылық тұрақтылық пен депутаттық корпустың тиімді өзара іс-қимылы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған шешімдердің сапасына тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, сессия барысында қабылданған шешімдер мәслихат қызметінің одан әрі жүйелі жүргізілуіне негіз болады.
Жиын соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәслихат төрағасы қызметінен кеткен Баһадүр Нарымбетовке ұзақ жылдар бойы атқарған жемісті еңбегі үшін алғысын білдірді. Қала әкімі оның жергілікті өкілді органның дамуына қосқан елеулі үлесін, депутаттық корпустың тиімді жұмысын ұйымдастырудағы еңбегін және Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
