Шымкент қаласының әкімі бірқатар әлеуметтік, инфрақұрылымдық және өндірістік нысандарды аралады

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы бірқатар өндірістік, инфрақұрылымдық және туристік нысандарды аралап, олардың қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарларымен танысты. Аралау барысында кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік жауапкершілік, энергетикалық тұрақтылық, су бұру жүйесін жетілдіру және туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне басымдық берілді.

Алдымен қала әкімі қазақстандық ерлер киімінің «CORNELI» брендінің өндірістік қызметімен танысты. Кәсіпорын қазіргі заманғы талаптарға сай сапалы өнім шығаруға басымдық беріп отыр. Өндірісте Италияның жетекші өндірушілерінің маталары пайдаланылады. Ал дайын бұйымдар әлемге танымал «Montecore», «Ermenegildo Zegna», «Herno» секілді брендтердің өнімдері де шығарылатын заманауи фабрикаларда тігіледі.

Бүгінде «CORNELI» – Шымкентте халықаралық сапа талаптарына сай ерлер киімін өндіретін кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорынның алдағы жоспарында сауда желісін кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Бұдан бөлек, компания әлеуметтік жауапкершілік бағытында да бастамалар көтеріп келеді. Бұған дейін жеке қабылдау кезінде кәсіпорын басшылығы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 100 балаға мектеп формасын тегін табыстау туралы ұсынысын білдірген.

Кәсіпкерлердің мұндай әлеуметтік бастамаларын қолдау мақсатында жауапты тұлғаларға өндірілген өнімді «Шымқала» этноауылы аумағында саудалау мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Бұл бір жағынан отандық брендті ілгерілетуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан қаланың туристік нысандарындағы жергілікті өнім үлесін арттыруға жол ашады.

Одан кейін Ғабит Сыздықбеков «Қазығұрт» 220/110/10 кВ қосалқы станциясында болып, үшінші трансформаторды іске қосу жұмыстарының аяқталу барысын тексерді. Жаңа трансформатордың іске қосылуы электр жүктемесін біркелкі бөлуге және энергетикалық нысанның сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Шымкенттің оңтүстік-батыс бөлігін тұрақты әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге қолайлы жағдай қалыптастырады.

Қала басшысы Елтай тұрғын алабында да болып, мамыр айындағы нөсер жауыннан бүлінген су бұру инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстарын бақылады. Қазіргі таңда мұнда монолитті канал салу, су бұру арнасын қалпына келтіру және инженерлік нысандарды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның негізгі мақсаты – нөсер және тасқын суларын қауіпсіз өткізу арқылы тұрғын аумақтарды су басу қаупін азайту.

Сонымен қатар қала көшелеріне су шашу жұмыстарының ұйымдастырылуы тексерілді. Аптап ыстық кезінде жүзеге асырылатын бұл шара ауа температурасынан болатын қолайсыздықты төмендетіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Аралау барысында Бадам су қоймасының жағалауындағы «Omir Shymkent» туристік кешенінің жұмысы да назардан тыс қалмады. Жобаның бірінші кезеңі аяқталған. Кешен заманауи демалыс инфрақұрылымын қалыптастырып, экологиялық туризмді дамытуға бағытталған. Қала әкімі жауапты тұлғаларға жобаны одан әрі сүйемелдеуді, туристік инфрақұрылымды жетілдіруді және жаңа нысандарды іске қосу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Аралау қорытындысында қала әкімі барлық бағыт бойынша жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы қажеттігін атап өтті. Өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және туристік әлеуетті тиімді пайдалану – Шымкенттің тұрақты дамуының өзара сабақтас бағыттары екені айтылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You