Шымкент қаласының әкімі тұрғын үй және өндірістік жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылады

Loading

Шымкентте тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мен қаланың экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған жұмыстар қатар жүргізілуде. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің шаһарды аралауы барысында тұрғын үймен қамту, өндірісті дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бірқатар жоба назарға алынды.

Алдымен қала әкімі жаңа пәтер иелеріне баспана кілттерін табыстау рәсіміне қатысты. «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында Бозарық шағынауданындағы көпқабатты үйлерден тағы 30 отбасы баспаналы болды. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар және бюджет саласының қызметкерлері бар.

Жаңа қоныс иелерін құттықтаған қала әкімі әр шаңыраққа амандық, береке мен бақ-дәулет тіледі. Бұл баспанаға ие болған отбасылар үшін тұрғын үй мәселесін шешумен қатар, тұрмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Жұмыс барысымен аралауы өндірістік нысандарды да қамтыды. Бейорганикалық химиялық заттар өндіруге маманданған «Тұран Химстрой» ЖШС жылына 12 мың тоннаға дейін сұйық каустикалық сода шығарып, 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын басшылығымен өндірістік қуатты арттыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және каталитикалық крекингке арналған катализаторлар өндіретін жаңа зауыт салу жобасы талқыланды.

Сонымен қатар зергерлік бұйымдар шығаратын «Declare Group» ЖШС-нің өндірістік мүмкіндіктері таныстырылды. Кәсіпорын ай сайын шамамен 10 мың грамм дайын өнім өндіріп, 155 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кездесуде өткізу нарығын кеңейту, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне назар аударылды.

Қала экономикасының тұрақты өсуі жаңа инвестиция мен өндіріс көлемінің артуына тікелей байланысты. Осыны ескере отырып, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпорындарға қажетті қолдау тетіктерін пысықтау тапсырылды. Әсіресе, инвестициялық және экспортқа бағытталған жобаларды жан-жақты сүйемелдеуге басымдық берілмек.

Шымкенттегі тұрғын үй құрылысы мен өндірісті дамыту бағыттарының қатар жүруі қаланың әлеуметтік және экономикалық саясатының өзара сабақтастығын көрсетеді. Бір жағынан, тұрғындарға баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік берілсе, екінші жағынан жаңа өндірістерді кеңейту арқылы тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге жағдай жасалуда. Бұл – қала тұрғындарының бүгінгі қажеттілігін өтеумен қатар, мегаполистің ұзақ мерзімді дамуына негіз қалыптастыратын өзара байланысты екі бағыт.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You