Шымкент қаласының әкімі тұрғын үй және көлік инфрақұрылымын дамыту барысын тексерді

Loading

Шымкент қаласында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қала аумағын аралау барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғын үймен қамту, жол құрылысы және көлік қатынасын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Аралау барысында «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары бойынша баспаналы болған 30 отбасыға пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Жаңа пәтерлер Бозарық шағынауданында орналасқан. Қоныс иелерінің қатарында мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар және бюджет саласының қызметкерлері бар.

Тұрғын үй саясатын кезең-кезеңімен іске асыру азаматтардың баспана жағдайын жақсартуға, әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сонымен қатар қала әкімі жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді. Атап айтқанда, Тіленшин көшесіндегі автожол өткелі мен Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылыс жұмыстары қаралды.

Аталған нысандар қаланың көлік жүйесін дамытуда стратегиялық маңызға ие. Олардың іске қосылуы көлік қозғалысын реттеп, негізгі магистральдардағы жүктемені азайтуға және тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты мердігер ұйымдарға құрылыс қарқынын жеделдетіп, жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету тапсырылды.

Бұдан бөлек, Шұбаркөл көшесінің құрылысы мен Юсупов көшесін салу жобалары аясында мемлекеттік мұқтаждық үшін алынған тұрғын үйлерді бұзу жұмыстарының барысы қаралды. Аталған жобалар іргелес көшелердегі көлік жүктемесін азайтып, ауданның көлік қатынасын жақсартуға бағытталған. Қала әкімі жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын бекітілген кестеден ауытқымай жүргізіп, барлық нысанды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Қолжетімді баспанамен қамту, жол желісін кеңейту және көлік инфрақұрылымын жаңарту – Шымкенттің тұрақты дамуының маңызды бағыттарының бірі. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы — қала әкімдігінің тұрақты бақылауында.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You