Шымкентте білім ордасы жаңа оқу жылына дайын тұр

Loading

Шымкенттегі М.Әуезов атындағы №96 орта мектеп жаңа оқу жылын жаңарған ғимаратта қарсы алуға дайын. Бүгінде білім ордасында жаңғырту жұмыстары іс жүзінде толық аяқталған. Қысқа мерзім ішінде қолға алынған күрделі жөндеу жұмыстарының негізгі бөлігі сапалы орындалды. Жөндеу жұмыстары 1 мамырда басталып, тамыз айында, соның ішінде әрлеу жұмыстары да толық аяқталды.

Жөндеу басталғанға дейін мектеп ғимаратының жағдайы күрделі болған. Сондықтан мұнда жаңа нысан салған әлдеқайда тиімді болар еді деген пікір де болған. Алайда ғимаратты сақтап қалу арқылы оны толық жаңғыртуға басымдық берілді. Жөндеу барысында қабырғаларға дейін тазартылып, ескі сылақтар алынып тасталды. Бірнеше ондаған жыл бойы пайдаланылған, әбден тозған едендер толық ауыстырылды. Жарамсыз әрі көптеген жерінен су өтетін шатыр бөлшектеліп, қайта жаңартылды. Бұған қоса, мектептің жылу жүйесінің қуаты да арттырылды.

Қазіргі таңда мектеп оқушыларды қабылдауға толық дайын. Құрылысшыларға тек аумақты көгалдандыру және автоматты суару жүйесін орнату жұмыстары қалған.

№96 мектепте бүгінде 786 оқушы білім алады. Оларға 94 педагог сабақ береді. Ал білім ошағындағы тазалық пен тәртіпті 24 техникалық қызметкер қамтамасыз етеді. Осыған байланысты мектепте оқушылар мен ұстаздарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән берілген.

«Қыс мезгілінде мектепте жылу мәселесі болатын. Қазандық ескі әрі қуаты төмен болғандықтан, ғимаратты қажетті деңгейде жылытуға мүмкіндік жетіспеді. Қазір қуаты арттырылып, 8 мың шаршы метр аумақты жылытуға мүмкіндік беретін қосымша қазандық орнатылды. Мектеп ғимаратының жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асатынын ескерсек, енді жылу жеткілікті болады деп отырмыз», – дейді М.Әуезов атындағы №96 орта мектептің директоры Дәуренбек Әбдіғали.

Жаңғырту барысында өрт қауіпсіздігі мен оқушылардың қауіпсіздігіне де айрықша көңіл бөлінді. Мектептің кіреберісіне турникеттер орнатылып, олар бейнебақылау жүйесімен біріктірілген. Камералардан түсетін кескін күзет қызметінің мониторына шығарылып, нысанға бақылау күшейтілді.

Сонымен қатар ғимараттың бірінші қабатына 11 темір есік орнатылып, электронды автоматтандырылған жүйеге қосылды. Өрт немесе басқа да төтенше жағдай кезінде есіктер автоматты түрде ашылып, оқушылардың қауіпсіз әрі кедергісіз эвакуациялануына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мектепте бұрын болмаған өрт гидранттары да орнатылып, нысанның қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай күшейтілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You